Русский Сайттың толық нұсқасы

«Қасиетті жол» қорының оңалту орталығында 250 бала ем алып шықты

  • AstanaTV
  • 08 желтоқсан 2014
  • 2104

«Қасиетті жол» қайырымдылық қорының тағы бір қайырымды ісі. Көктемде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қолдауымен ашылған оңалту орталығында биыл 250 кемтар бала тегін ем алып шықты. Дәрігерлер балалардың басым бөлігі денсаулығын жақсартқанын айтады. Наурыздан бері он маусымда әр балаға 21 күннен ем жүргізген орталық биылғы жылды осылай қорытындылады. Тоғжан Жалғасбекқызы толығырақ.

Оңалту орталығында ем алғалы беті бері қараған балғынның бірі - Жандос. 3 жастағы баланың диагнозы - сал ауруы мен талма ұстамасы. Анасының айтуынша, 7 айлығында туған баланың денсаулығы түзу болған. Бірақ, дәрігерлер шала туған балаға 5 айылығында екпе салған. Екпе әсерінен нәресте сал ауруына душар болыпты. «Оған қоса талма ұстамасы бар баланы емдеу мекемелері қабылдамады», - дейді анасы. «Қасиетті жол» қайырымдылық қорына хат жазғаннан кейін сәуірде емдеу курсы басталған. Алғашында мүлде қозғалып, сөйлей алмаған бала қазір еңбектей бастапты.

Әсем Салқымбаева, Жандостың анасы:

Қазір балада результат өте жақсы. Сөйлейді ақырындап, бірақ та аяқ баса алмайды, қорқады. Кішкене еңбектей бастаған. Мен өзім сенемін, ол жазылып кететініне. Өзі тұрады, өзі жүреді, сөйлейді.    

Айнұр Мырзаханқызы, «Қасиетті жол» қоғамдық қайырымдылық қоры оңалту орталығының емдік дене шынықтыру дәрігері:

Жандос баламыз бізге алғаш түскенде оның жағдайы өте ауыр болды. Көбінесе бұл жерге түсетін балалардың ішінде 50 пайызы өте ауыр халде келетін балалар. Себебі олардың қосымша диагнозы - талма ұстамасы. Ал, мұндай диагнозбен көп жерлерде балаларды қабылдамайды.

Биыл оңалту орталығында Жандос секілді 250 бала тегін ем алды. Оның 200-і Астана қаласынан болса, 50-і басқа аймақтардан. 225 бала ем нәтижесінде айтарлықтай сауығыпты.

Ақсұлу Арзықұлова, «Қасиетті жол» қоғамдық қайырымдылық қорының баспасөзбен жұмыс менеджері:

Бұл жобамен қатар, біз осы сал ауруына шалдыққан балаларды ең ертерек мүмкіндігінше оңалтудан өткізу өзінің тиімділігін байқап, Қазақстанның 11 өңіріне «Самұрық-Қазынаның» қолдауымен балалар үйіне арнайы жабдықтар жібердік және ол жақтағы мамандарды да арнайы оқыттық. 

Айтпақшы, мұндағы мамандар шетелдерде арнайы дайындық курстарынан өткен. Сондай-ақ, жақында Ресей және Біріккен Араб Әмірліктерінен шақырылған дәрігерлер мен профессорлар орталық қызметкерлеріне, сондай-ақ ата-аналарға арнайы консультация беріп кетті. Оңалту орталығы келер жылы көмекке мұқтаж 300-дей  баланы емдеуге қамданып жатыр.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ