Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркияның Эрменек шахтасында қаза тапқан кеншілер табылды

  • AstanaTV
  • 08 желтоқсан 2014
  • 796

Түркияның Қараман қаласы Эрменек елді мекеніндегі шахтада жарылыс кезінде жер астында қалған 18 кеншінің денесі толық жер бетіне шығарылды. Апаттан көз жұмған шахтерлардың соңғы бесеуінің мәйіті 38 күннен кейін табылып отыр.

Түркиядағы тілшіміздің хабарлауынша, із-түссіз кеткен жұмысшыларды іздестіруге екі мыңға жуық маман ат салысып, олар 4100 вагон балшық аралас көмір шығарған. Апат кезінде құбыр жарылып, кенішті 11 мың тонна су басып қалғаны белгілі. Тексеру органдарының мәлімдеуінше, жауапты мамандардың салғырттығынан қауіпсіздік шарасы қолға алынбаған және артық су уақытылы тартылмаған. Сол себепті құбыр жарылып, жұмысшылардың жолы жабылып қалған.

Сондай-ақ, басқа да ережелердің өрескел бұзылғаны белгілі болды: кеншілерге түскі ас кезінде тамақтануға арнайы уақыт берілмей, жер астында тамақтануға мәжбүрлеген. Түркияның энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінде төтенше оқиғаның себебі анықталып, жауапты жеті басшы қамауға алынды.

Еске салайық, 28 қазанда Түркияның оңтүстігіндегі шахтада жарылыс болып, түскі ас ішуге жиналған 26 кеншінің он сегізі жер астында қалған болатын.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ