Русский Сайттың толық нұсқасы

2014 жылғы «Алтын домбыра» иегері белгілі болды

  • AstanaTV
  • 08 желтоқсан 2014
  • 3749

Астанада алдағы Тәуелсіздік күні және «Нұр Отан» партиясының 15 жылдық  мерейтойына орай «Мәңгілік ел - мұратым» атты республикалық аламан айтыс өз мәресіне жетті. Сонымен  2014 жылғы «Алтын домбыра» иегері болып белгілі айтыскер Балғымбек Имашев атанды. Ол бас жүлде - «Алтын домбырамен» қоса 3 млн теңгені қанжығалады.

Ал «Алтын домбыраның» өткен жылғы иегері Жандарбек Бұлғақов биыл бірінші орынды місе тұтты. Екінші орынға Еркебұлан Қайназар тұрақтаса, үшінші орынға Бекарыс Шойбеков пен Айнұр Тұрсынбаева лайық деп танылды.

Балғынбек Имашев, айтыскер ақын:

Соңғы жылдары «Нұр Отан» партиясы қолына алып, айтысты дамытуға, айтысты ғана емес, ұлттық құндылықтардың көбіне жанашыр болып, алға сүйреп, үлес қосып келе жатыр. Сондықтан еліміздегі көшбасшы партия азаматтарына шын жүректен алғысымызды айтамыз.

Жандарбек Бұлғақов, айтыскер ақын:

«Нұр Отан» партиясы айтысты қолға алғалы бері, министрлер келіп жатыр. Депутаттар келіп жатыр, яғни бұл біздің айтылған сөздеріміздің далаға кетіп жатқан жоқ, белгілі бір адамдардың құлағына жетіп жатыр деген сөз.

Айшықты ой айтып, соны ұйқастарымен көрерменді тәнті ете білген 22 жүйрік екі күн өнер көрсетті. Нәтижесінде дүбірлі доданың ақтық мәресіне он ақын шығып, Тәуелсіздігімізді ұлықтай отырып, жырдан әдемі өрнек құрды. Ақындар қазақ елі - мәңгілік ел деп, ту етіп отырған татулығымызды да асқақтата білді.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасы айтқандай, үлкен мерекелер алдымызда бар. Сол себептен мәңгі ел болып, біздің осындай айтыс өнері мәңгі болсын.

Ұлттық өнерлерімізді ұлықтап жүрген «Нұр Отан» партиясының тікелей қолдауымен  осымен үшінші рет ұйымдастырылған «Алтын домбыраны» алғашқы рет қызылордалық жыр жампозы Мұхтар Ниязов иеленген. Ал былтырғы айтыста бас жүлдені Жандарбек Бұлғақов еншілеген еді.

Айгүл ӘДЕПБАЙ