Русский Сайттың толық нұсқасы

Сенаттың жұмысы артты

  • AstanaTV
  • 21 қаңтар 2016
  • 1671

Сенаттың жұмысы артты. Енді Мәжіліс сайлауы аяқталмайынша, олар төменгі палата депутаттары үшін де тер төгеді. Өйткені Ата заңға сай, Мәжіліс уақытша болмаған кезде Парламенттің заң шығару қызметін Сенат атқарады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Елбасының ұлт жоспарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін, Сенат Үкіметпен бірлесіп, ауқымды жұмыстарды үйлесімді түрде жалғастыратын болады. Сенаторлар қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуына аса қажетті заңдарды қабылдауда өздернің мол тәжірибесі мен терең білімдерін аямай жұмсайтынына күмән жоқ.

Жоғарғы палатаның жалпы отырысы күн тәртібіне сай өтті. Сенат Халықаралық қайта құру және даму банкінен қарыз алу туралы заң жобасын мақұлдады. Сөйтіп, еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жобасына Қазақстан 100 млн доллар қарыз алатын болды.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

100 миллионды дүниежүзілік банк береді. 37 млн республикалық бюджеттен бөлінеді. Қарыз 19 жылға беріледі. Жыл сайынғы пайыздық үстемақысы 0,25 пайызды құрайды. Осы ақшаға біз жаңа ұлттық біліктілік жүйесін құрмақпыз.

Министрдің сөзінше, осы қаржыға еліміздегі 64 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Екі мыңнан астам шебердің біліктілігін арттырып, жаңа оқу стандарттары енгізіледі. Сенаторлар заң жобасын мақұлдап, қарыз алуға рұқсат берсе де, кәсіптік-техникалық білім беру саласын сынға алды. Сенатор Мұрат Бахтиярұлының айтуынша, кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарының 80 пайызының материалдық базасы өткен ғасырдың деңгейінде қалып қойған. Білім беретін кәсіби стандарттары да, оқу жоспарлары да нарық талабына сай емес.

Мұрат Бахтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Жыл сайын елімізде орта кәсіптік жоғары оқу орындарын 150 мыңдай түлек бітіріп шығады екен. Ресми деректерге сүйенсек, орта мектепті бітірген жастардың 63 пайызы жоғары оқу орындарында, 17 пайызы ғана техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарында оқиды. Олардың 40 пайыздан астамы өз мамандықтары бойынша жұмыс таба алмайды. Демек біз жыл сайын мемлекет және ата-аналар қаражаттары есебінен қазіргі нарыққа қажет емес, ондаған мың мамандарды даярлап, жұмыссыздар санын көбейтіп отырмыз.