Русский Сайттың толық нұсқасы

«Барыс» командасы көптен күткен жеңісіне қол жеткізді

  • AstanaTV
  • 09 желтоқсан 2014
  • 1381

Елордалық «Барыс» командасы көптен күткен жеңісіне қол жеткізді. Бұған дейін қатарынан сегіз ойында ұтылып, біраз ұпайдан айрылған қазақстандық ұжым бұл жолы жұдырықтай жұмылды. Бұл сында Андрей Назаровтың шәкірттері қонақта Загреб қаласының «Медвешчак» клубын 5-3 есебімен айналып өтті.

Соңғы ойындар барысында үнсіз қалған «Барыс» командасының алғашқы бестігі бұл кездесуде жасындай жарқырады. Бірінші кезеңнің ортасына қарай екі бірдей сәтті шабуыл ұйымдастырған қазақстандық ұжым 2-0 есебімен алға шықты. Бұл сәттерде мергендігімен танылған Найджел Доус дубльдің авторы атанды.

Бірақ, Андрей Назаров шәкірттерінің қуанышы көпке созылмады. Қарымта шабуылға шыққан айдын иелері небәрі 4 минуттың ішінде таразы басын теңестіріп кетті. Алдымен Эдвин Хедберг есепті бір шайбаға дейін қысқартса, келесі сәтте Паскаль Пеллетьенің қанжығасы майланды.

Үшінші кезеңнің басында командалар бір-бірінің қақпасына тағы бір шайбадан соқты. «Медвешчак» сапында Паскаль Пеллетье дубльдің авторы атанса, «Барыс» сапынан Найджел Доус хэт-триктің авторы.

Қалған уақытта табандылығымен танылған қазақстандық клуб айдын иелерінің қақпасына тағы жауапсыз екі шайба соғып, үш ұпайды қоржынға салды. Бұл сәттерде команда капитаны Брэндон Боченски дубльдің авторы атанды. Келесі кездесуін «Барыс» командасы енді Братислава қаласының «Слован» клубына қарсы өткізеді.

Самат ҚАНАҒАТОВ