Русский Сайттың толық нұсқасы

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізілді

  • AstanaTV
  • 09 желтоқсан 2014
  • 1526

Үкімет «Алтын алқа» иегерлері мен үшем туған аналарды баспанамен қамту мәселесін өз құзыретінен алып, жергілікті әкімдердің мойнынан артпақ. Яғни енді өңір басшылары жергілікті бюджеттің жағдайын ескеріп, көрпелеріне қарай көсіліп, көп балалы отбасына пәтер беру-бермеу жағын өзі шешеді.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға енгізіліп жатқан осы және өзге де өзгерістерді сенаторлар комитеттің кеңейтілген отырысында қызу талқылады. Депутаттар заң жобасын екінші оқылымда қарап, Мәжіліске қайтарды. Үкімет өкілдері, үшем туған отбасыларға тегін баспана беру бюджет қоржыны үшін үлкен шығын, дейді. 

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары:

Бюджеттің жағдайы болмаса, берілмейді. Біз құқық береміз. Это право акима поощрять, но это не его обязанность.

Бюджеттік деген тізімнен шығып қалатын коммуналдық кәсіпорындар қызметкерлерінің де жағдайы қиындамақ. Егер, үкімет ұсынып отырған нұсқаға сай, «бюджеттік ұйым» ұғымы қайта қаралып, қабылданса, мемлекеттік тұрғын үй кезігіне тек қазыналық және мемлекеттік мекемелер қызметшілері ене алады. Ал коммуналдық және республикалық мекемеде жұмыс істейтін, бұған дейін мемлекеттік қызметкер ретінде тіркелгендер, «бюджеттік ұйым» қызметкері статусынан айырылады, яғни жылдар бойы баспанадан үмітті болғандар автоматты түрде кезектен шығып қалуы мүмкін. Бүгінде мемлекеттен үй алушылар кезегінде 300 мың адам тұр.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Мынау коммуналдық кәсіпорындарымыз бар ғой, қазыналық болсын, басқасы болсын, дәрігер-медбикелер категориясы бюджеттен ақша алатын болғандықтан, сол кезекке тұрды. Енді біз мына заңды қабылдасақ, осы заң осылай қабылданып кететін болса, онда сол кезекте тұрған біздің мемлекеттік кәсіпорындар есебіндегі дәрігерлер, медбикелер, сол санатқа кіретін басқа да топтар бұл тұрғын үй кезегінен алынып тасталады. 

Кей облыстар бюджеттік қызметкер ретінде тұрғын үй кезегіне тіркеліп, енді коммуналдық кәсіпорын қызметкері атанған азаматтарды тізімнен шығарып үлгерген. Ал Астанада мыңға жуық адам бюджеттік қызметкер ретінде әлі кезекте тұр. 

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Енді шығып кеткен адамдар, олар кетті. Оларды қайтарып ала алмайсыз. Мысалы, Астана қаласында 1000-ға жуық адам тұр дейді кезекте.

Тілші:

Сонда сіздер оларды қайтарып, тізімге енгізіп?

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:  

Жоқ, қайтарып тізімге енбейді, ол шығып кеткен адам. Әңгіме онда емес, әңгіме тізімде тұрған адамдар, солардың құқын қорғау.

Дегенмен, сенаторлар мен Үкімет өкілдері ортақ шешімге келген сынды. Даулы сұрақты сенаторлар түстен кейін қайта қараған. Нәтижесінде осы өзгерістерге дейін бюджеттік қызметкер ретінде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасынан үй кезегіне ілінген азаматтар тізімнен алынбайтын болды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ