Русский Сайттың толық нұсқасы

Қашаған құбырын ауыстыру табиғатқа қаншалықты зиян?

  • AstanaTV
  • 09 желтоқсан 2014
  • 2287

Қашаған кен орнындағы апат орын алған құбырды алмастыру қоршаған ортаға кері әсер ете ме, жоқ па? Бүгін Солтүстік Каспий Консорциумы өткен жылы болған келеңсіздіктің орнын толтыру жұмыстары туралы атыраулықтар алдында есеп берді. Консорциум экологиялық зардаптардың азайтылатынын айтып, жиналғандарды сендіріп бақты. Дегенмен атыраулық ғалымдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері орын алған экологиялық апатқа қатысты деректер әлі де ашық айтылмай келе жатқанына алаңдаулы.  

Қашаған кен орнындағы мұнай өндірісі былтыр 11 қыркүйекте басталған болатын. Ал араға екі апта салып, Д аралынан «Болашақ» зауытына тартылған жерүсті құбырда газ көлемінің кемуі анықталды. Сөйтіп, кен орнын пайдалану жұмыстары уақытша тоқтатылған болатын. Мұндай жағдай 9 қазанда тағы қайталанып, Қашағандағы кен өндірісі белгісіз мерзімге шегерілді. «Жан-жақты тексерулер нәтижесінде компания Қашаған кен орнындағы құбырлар толықтай ауыстырылуға жатады»,- деп мәлімдеген-ді. Келтірілген шығынды да өтейтін өздері. Бұл туралы «НКОК» компаниясының басқарушы директоры қоғамдық тыңдауда айтты.

Стэфан де Майе, «НКОК» компаниясының басқарушы директоры:

Консорциум жауапкершілікті өз мойнына алады. Келісімге сай Қазақстан Республикасы құбырды ауыстырудағы шығынды өтемейді.

Стэфан де Майенің айтуынша, мұнай мен күкіртті газды тартуға диаметрі 28 дюйм құбырды қолдану мәселесі қарастырылып жатыр. «Ауқымды жұмысқа кіріспес бұрын экологиялық аспектілерге талдау жасадық», - дейді компания өкілі. Бірақ атыраулық табиғат жанашылары оның сөзіне сенімсіздік танытты. Олар, құбырдың диаметрі мен ұзындығынан гөрі, экологиялық зардаптарына мән беру керек, дейді.

Махамбет Хакімов, «Каспий табиғаты» ҚБ жетекшісі:

Бізге теңіз бөлігі туралы ешқандай дерек айтпай отыр. Құбырға тазартылмаған қышқыл газ айдалған. Газ құбырдағы суға араласып осы ақаулар шыққаны белгілі. Британдық компания апаттың салдарын осылай түсіндірді. Бірақ шынтуайтына келгенде, бұл құрылыс кезінде кеткен олқылықтардың нәтижесі. Негізі әр 5 шақырым сайын бақылап отыратын қондырғы болуы қажет. Ол орнатылмаған. Осы жолғы жұмыс сапалы болады деп сенеміз. Ал былтырғы апаттан біз тек желдің бағыты Атырау жақтан болған соң ғана, аман қалдық.

Бостан Сүлейменов, балық шаруашылығы саласының ардагері, ихтиолог:

Итбалықтар мұз іздеп кейде жағаға қарай шығады. Құбырдың кей бөлігі қысқы уақытта төселетінін ескерсек, бұл итбалықтарға қауіп төндіреді. Егер қыс жылы болса, алдын ала мониторинг жасалып, итбалықтардың топтасатынын ескеріп, жұмысты тоқтату керек. Миграцияға таяу маңда құбыр жүргізу жұмыстарына жүргізуге мүлдем болмайды.

Бұл жолы да тараптардың пікірі екіге айырылды. Консорциум өкілдері құбыр алмастыру экожүйеге орны толмас зардап келтірмейтінін айтып дәлелдеуге тырысты. Ал жергілікті ғалымдар мен белсенділердің көп сауалдары сол күйі жауапсыз қалды. Компания құбыр төсеу жұмыстарын алдағы көктемде бастауды жоспарлап отыр.

Базаркүл ІЗІМОВА