Қайыршылар мен қаңғыбастарға айыппұл салмай, керісінше
қамқорлық жасау керек. Мәжілістегі Қазақстан халықтық коммунистік партиясы
фракциясының жетекшісі Владислав Косарев Премьер-министрге осындай өтінішін
жолдады. Депутат еліміздің әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне енгізілген
қаңғыбастарға айыппұл салу туралы бастамаға қарсылық білдірді.
Кодекс 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Депутат билік
тарапынан жұмыспен қамтуға, тұрмыстық мәселелерге баса назар аударылып
жатқанына қарамастан, елімізде тұрғылықты мекені жоқ адамдар саны азаймай
тұрғанын айтты. «Онсыз да тиын-тебен санап жүргендерден айыппұл
жинау - не сұмдық?», - деп таңырқады депутат.
Владислав
Косарев,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХКП фракциясының жетекшісі:
Біз Премьер-министр Мәсімовке қайыршылық,
қаңғыбастық өмір салтын ұстанатын, әлеуметтік жағдайы төмен адамдар мәселесіне
көңіл аударуды сұрап, өтініш хат жолдадық. Еліміз аталған әлеуметтік және
моральдық-этикалық мәселемен күресуге қауқарлы. Осы шаруаны қолға алсақ, біздің
қоғам мәдени тұрғыдан бұдан да жоғары деңгейге көтеріле алады. Ал өзі де күн
көріс қамын ойлап, тиын-тебен санап жүргендерге айыппұл салу - теріс деп есептеймін.
Жұрағат БАМАН