Русский Сайттың толық нұсқасы

14 желтоқсанда Венгрияда жастар арасында шайбалы хоккейден әлем чемпионаты өтеді

  • AstanaTV
  • 10 желтоқсан 2014
  • 1094

14 желтоқсанда Венгрияда жастар арасында шайбалы хоккейден әлем чемпионаты өтеді. «Б» тобында өнер көрсететін Қазақстан құрамасы Украина, Жапония, Франция, Венгрия және Польша командаларымен сынға түседі. Байрақты бәсеке алдында Сергей Старыгиннің шәкірттері Латвия құрамасымен екі жолдастық кездесу өткізді.

Алғашқы жекпе-жекте 5-4 есебімен жеңіске жеткен Қазақстан құрамасы қарымта ойында 5-0 есебімен ойсырай ұтылды. Бұл ойындағы алғашқы шайбаны айдын иелерінің сапында Мартиньш Дзиркалс соқты. Бұл шайбадан кейін шабыттанған Гиртс Анкипанстың шәкірттері үзілістен кейін қонақтардың қақпасына тағы да жауапсыз үш шайба соқты. Алдымен, Максимс Пономаренко мергендігімен танылса, келесі сәтте Родриго Аболс пен Оскарс Батня командаластарының қошеметіне бөленді.

Төрт шайбамен шектеліп қалмаған Балтық жағалауының хоккейшілері үшінші кезеңде Қазақстан командасының қақпасына 5-ші шайбаны соқты. Бұл сәтте Харалдс Эгле есепті қорытындылады.

Кездесуде үздік шыққанына қарамастан, Латвия командасының хоккейшілері жұдырықтасуда Қазақстан ойыншыларына қарсы тұра алмады. Төбелес десе алдына жан салмайтын Дәмір Рыспаев айдын иелерінің үрейін алды. Қазақстандық спортшының ауыр соққысынан хабардар латвиялық хоккейшілер жекпе-жектен бірауыздан бас тартты.

Ал әлем чемпионатындағы алғашқы кездесуін Сергей Старыгиннің шәкірттері 14 желтоқсан күні Украина командасына қарсы өткізеді. 

Самат ҚАНАҒАТОВ