Кейбір мемлекеттік органдар бұқаралық ақпарат
құралдары жасаған ресми сұраныстарды жауапсыз қалдырып, брифингтеріне тіркелуде
қиындықтар туындатады. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының Сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңес отырысында «Айқын»
газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп мәлімдеді. Мемлекеттік органдар басшылары
мен бұқаралық ақпарат қызметкерлері арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы
күрестегі ынтымақтастық мәселесі талқылаған кеңесте кейбір министрліктердің
бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға қайшы әрекеттері туралы да айтылды.
Жиын барысында қазақ тілді ақпарат құралдарының мәліметті дер кезінде ала
алмайтындығы да көтерілді. Ақпарат құралдарының басшылары жемқорлыққа қарсы
күрес тақырыбы төңірегінде ондаған материал жарық көріп жатқанын, бірақ олардың
мемлекет тарапынан бақылауға алынбағанын да атап өтті. Сонымен қатар, сыбайлас
жемқорлыққа қарсы қатысты проблемаларды көрсетуде журналистер жіберетін
қателіктер де айтылды. Мәселен, оқиғаны әсерлеп немесе сенсация қуып, құқық
қорғаушылар рөлін төмендетіп беру жағдайлары сөз болды.
Сейітқазы Матаев, Қазақстан журналистері одағының
төрағасы:
Журналистер тарапынан қателіктер болып жатады.
Біз оны мойындаймыз. Кейде оқиғалар бір жақты беріліп кетеді. Бұл ретте
мемлекеттік органдар қажетті ақпаратты шұғыл беріп отырса, ортақ іске жақсы
әсерін тигізер еді. Мемлекеттік органдар оның орнына сауал жолдауды талап етіп,
оның жауабын да үш күннен кешіктіріп жатады.
Бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының
айтуынша, қоғамда жемқорлықпен күрес жөнінде жақсы түсінік қалыптасқан.
Қоғамдық зерттеу институты талдау жүргізіп, Қазақстан халықының 81,4 пайызы
мемлекеттің жемқорлыққа қарсы жүргізіп отырған іс-әрекетін толық қолдайтынын
анықтаған.
Айгүл ӘДЕПБАЙ