Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отанның» қолдауымен «Галактика сақшылары» блокбастері қазақ тілінде шықты

  • AstanaTV
  • 11 желтоқсан 2014
  • 1924

Шет ел киногерлерінің тағы бір үздік туындысы қазақша сөйледі. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен қазақ тіліне аударылған «Галактика сақшылары» блокбастері 10 желтоқсаннан бастап DVD дискілерінде сатылымға шықты.

Америкалық Marvel студиясы фильмнің түсірілімін 2013 жылы бастаған еді. Ұлыбританияда түсірілген фильм - ғаламшарды түрлі қатерлерден қорғайтын бүгінгінің батырлары туралы. «Галактика сақшыларын» қазақ тіліне дубляждау жұмысына 20-ға жуық актер қатысты. Ал дубляж режиссері - кинематография саласындағы жас маман Тимур Балымбетов.

Майра Айсина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жастар қарайтын осындай фильмдерді, рейтинговый дейміз... Сондай фильмдерді қазақшаға аударамыз дегені құптарлыққа тұрады. «Нұр Отан» партиясының да қолдағаны сол, себебі жастар өз тілінде сөйлейді, ана тілін қадірлейді. Сондықтан осындай фильмдерді де қазақша көрген жақсы.

Гүлнәз Әлімгерей, тележүргізуші:

Тәуелсіздік күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясы киносүйер қауымға тамаша сыйлық жасады. «Галактика сақшылары» фильмін мемлекеттік тілге сапалы дубляж жасап, киносүйер қауымға ұсынып отыр. Өзім көріп тәнті болдым. Бүгін келіп сол киноны туыстарыма, достарыма сыйға алайын деп келіп тұрмын. 

Айта кетейік, «Нұр Отанның» қолдауымен «Болашақ» қауымдастығы және «Marwin» компаниясы үздік фильмдерді қазақ тіліне дубляждау жұмысын осыдан төрт жыл бұрын бастаған еді. Мемлекеттік тілді үйрету мен дамыту жобасы бойынша бұған дейін 8 фильм қазақшаға аударылды. «Галактика сақшылары» - қазақша сөйлеген тоғызыншы туынды. Фильм дубляжының бас демеушісі - «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі.

Жанжігіт Омархан, тележүргізуші, актер:

Әлемдік деңгейдегі талғамы жоғары киногерлердің түсірген туындылары өзіміздің ана тілімізде, баба тілімізде сөйлеп, жас ұрпаққа пайдасын тигізіп жатса, неге қуанбасқа. Бұған дейін мен «Болашақ» пен «Нұр Отанның» ұйымдастыруымен бірнеше фильм аударылғанын естіп те, көріп те жүрміз. Өзіміз көргенде, бір байқағанымыз, өте сапалы аударма. 

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ