Тәуелсіздік мерекесі мен «Нұр Отан» партиясының
15 жылдығына тарту. Астанада «Тәуелсіздік шежіресі. Қазақстан Республикасы»
атты 50 томдық тарихи-деректі еңбектің соңғы 10 томдығының танытымы өтті. Жоба
авторы - мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков. 50 томдықта
еліміз егемендік алған сәттен бастап Президент қол қойған барлық тарихи
құжаттар, Заңдар мен өзге де маңызды құжаттардың жиынтығы жарияланған.
Кітаптар
4 сериядан тұрады. «Тәуелсіздік шежіресі», «Елбасы жолдады - ел қолдады»,
«Елмен сырласу» және соңғысы «Әлем Қазақстан туралы. Әлем Президент туралы»
деген атпен жарық көрді. Аталған еңбектерде Елбасының халыққа Жолдаулары,
тарихи сөздері, баяндамалары мен берген сұхбаттары топтастырылған. Және әлем
қайраткерлерінің біздің ел, Президентіміз жайында айтқан пікірлері бар.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының
бірінші орынбасары:
«Нұр Отан» партиясының төрағасы, «Нұр Отан»
партиясының негізін қалаушы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрқашанда тек қана
экономика емес, ең бастысы - біздің төл мәдениетіміз, біздің өнеріміз, біздің
тіліміз деп, осы мәселеге ерекше көңіл аударады. Елбасы айтқандай, дамыған 50
елдің арасына кіреміз десек, ең алдымен рухымыз мықты болу керек.
Бұл еңбектердің 40 томы Мәдениет және спорт
министрлігінің мемлекеттік бағдарламасы бойынша, ал биылғы 10 томы «ERG көмек»
қоғамдық қорының демеушілігімен жарыққа шықты. «Тәуелсіз мемлекетіміздің
шежіресі келешекте де жалғасын табады», - дейді жоба авторы Мырзатай
Жолдасбеков. Айта кетейік, көптомдықтың екі сериясы 1991 мен 2001 жылдарды
қамтыса, қалған екі сериясы 2008 жылға дейінгі аралықты қамтиды. 2014 жылға
дейінгі тарихты түгендеп шығу үшін, 158 том жазып шығу керек екен.
Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет және қоғам
қайраткері:
Айтты ғой Елбасы, отанымыздың тарихын жастар
білуі керек деп. Әйтпесе, біз осыны жастардың санасына сіңірмесек, біз он
жерден ойбайлағанмен, патриот тәрбиелей алмаймыз. Осы құжаттарды жанына,
қанына, санасына сіңірсек қана, біз келешек ұрпақты тәрбиелейміз деп ойлаймын.
Мына, тәуелсіздігіміз құтты болсын армандап жеткен. Осы еңбектің бәрін біз Тәуелсіздігіміздің күніне арнап отырмыз.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ