Батыс Қазақстан
облысының Берез ауылындағы мектеп оқушыларының жаппай улануына қатысты тексеру
жұмыстары 20 қаңтарда аяқталады. Ал мамандар ауыл мектебінің улану себебін, ғимараттың
сайда орналасқандығымен, түсіндіріпті.
Бүгін өңірге іссапармен
Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев келіп, Берез ауылына соқты. Ол
ауыл халқымен кездесіп, құр айқайдан ештеме шешілмейтінін, сондықтан сабырмен
тергеу жұмыстарының қорытындысын күту керектігін жеткізді. Ал көшіруді талап
еткен тұрғындар, өздеріне ешқандай жағдай жасалмағанын айтып шағымданды.
Геодезист мамандар дерегіне сүйенген прокурорлар, 4-5 желтоқсан күндері мектеп
маңында ең ауыр газ – көмірсутегі - қордаланғанын, айтады.
Серік Қараманов, БҚО прокуроры:
Геодезистер Берез орта мектебі ауылдағы ең төмен
нүктеде орналасқанын анықтады. Ал газ атаулының ойпат пен қуыс-қалтарысқа
жиналатыны өздеріңізге белгілі. Сондықтан мектеп қызметкерлері мен оқушылардың
неліктен уланғаны түсінікті жәйт.
Айта кетелік, 28 қарашада Батыс Қазақстан
облысындағы Берез ауылында жиырмадан астам оқушы сабақ үстінде әлсіреп құлап,
ауруханаға түскен еді. Аяқ-қолы жансызданып, басы айналған олардың белгісіз
газдан уланғаны расталды. Содан бері 90 адам дәрігер көмегіне жүгініпті. Ал
күні кеше саулығы сыр берген тағы сегіз оқушы облыс орталығына жеткізілген.
Тұрғындар бұған ауыл іргесіндегі Қарашығанақ кенішін кінәлап отыр. Дегенмен,
бұл дауға тергеу жұмыстары нүкте қоймақ.
Еркін КАРИН