Русский Сайттың толық нұсқасы

ОҚО-да әуе апатында қаза тапқан шекарашыларға ескерткіш орнатылды

  • AstanaTV
  • 12 желтоқсан 2014
  • 1448

Оңтүстік Қазақстан облысында әуе апатынан қаза тапқан шекарашылар құрметіне Даңқ аллеясы ашылды. Мақтарал ауданындағы 20/37 әскери бөлімінде қызмет бабында жүріп опат болғандардың рухына арнап ас беріліп, құран бағышталды. Аллеяның ашылуына еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Оңтүстік» аймақтық шекара қызметі басшылары мен марқұмдардың ет жақындары жиналды.

Жаңадан ашылған саяжолдың қақ ортасынан орын тепкен - 20/37 әскери бөлімінің командирі болған Аманбек Шоқановтың мүсіні. Қызметін орындауда қаза тапқан азаматтың мүсінін әріптестері өз қаражаттарына қойдырып отыр. Бұдан бөлек, осы жерде екі бірдей мемориалды тақта ашылды. Біріне 2009 жылдың 9 қыркүйегінде МИ-8 тікұшағында опат болған шекарашылардың есімдері жазылған. Олар Өгем шатқалында қазақ-өзбек шекарасында кезекті барлау кезінде апатқа ұшыраған еді. Ал тағы бір мәрмар тақтаға АН-72 әскери ұшағында опат болған шекара қызметі басшыларының аты-жөндері қашалған.

Айдос Қиқабаев, ҚР ҰҚК шекара қызметі 2037 әскери бөлімінің командирі:

Артымыздан келе жатқан жасөспірім ұрпақтар бар, соларға патриоттық сезімді кішкене көбейту үшін, және де осындай артынан қалған балаларына, папасына, мамасына осы өзіміздің қатарымыздан кеткен қызметкерлерді ұмытқан жоқпыз деп айтқымыз келді. Осы әскери бөлімде екі жылдан астам қызмет атқарған Аманбек Шоқанов осы отрядтың дамуына көп үлес тапсырды.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ