Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтауда ретро-техника көрмесі өтті

  • AstanaTV
  • 12 желтоқсан 2014
  • 2297

10 келілік үтіктер, өткен ғасырдың тігін машиналары және 50-шы жылдардағы телефондар. Ақтаулық тұрғындар таңсық болып кеткен бұл заттарды осы күндері тарихи-өлкетану мұражайынан көру мүмкіндігіне ие болды. Ретро-көрмеге қойылған кейбір жәдігерлер бір топ қауымға естелік сыйласа, енді бір топты тамсандырды. Тақырыпты шойын үтіктерді қолымен ұстап, көзімен көріп қайтқан өңірдегі әріптесім жалғастырады. 

Тарихи-өлкетану мұражайының бір бұрышы бүтін бір тарихты сақтап тұр. Тіпті, мұндағы ауаның өзі ерекше секілді. Қайда қарасаң да, тарихи құндылықтарға тап боласың. Мұнда 70-ші жылдары пайдаланылған керосин пештер, ретро теледидарлар мен фотоаппараттар бар. Оның бірі - 1936 жылғы фотокамера. Көрме қызметкерлерінің айтуынша, бұл фотоаппарат Ұлы отан соғысына дейін қолданылған.

-Печатная машинка. В качестве картриджа - уголь. Они все мазались, неудобно было. -А вы смогли бы на таком работать? -Нет, конечно, у меня бы нервы зашкаливали.

Келушілер, әсіресе әйелдер қауымы көне заттарды қолымен ұстай отырып, заманауи техниканы ойлап тапқандарға ризашылығын білдіріп жатты. Егер әжелеріміз шойын үтіктерді емін-еркін қолданған болса, қазіргі әйелге онымен бір жейдені үтіктеу өте қиынға соғары сөзсіз. Ал, мына айна бірнеше ұрпаққа аманат болып қалдырылған. Оны келіндеріне жасау ретінде берген көрінеді.

Валерия Голубова:

Мен мынандай теледидарды көрген кезде, таң қалдым. Дәл осындай жәшік ауылдағы әжемнің үйінде болатын. Тағы бір есімде қалғаны, арналарды ауыстыру үшін, мені әрдайым жұмсайтын. Өйткені ол кезде қазіргідей пульттер жоқ болды.

Бұл мұражайда ең алғашқы көне зат осыдан 40 жыл бұрын пайда болған. Ол - ыстық көмірмен қыздырылатын 19 ғасырға тиесілі үтік-тін. Ал, соңғы экспонат 2008 жылы алыныпты. «Зингер» тігін машинасы осыдан 105 жыл бұрын құрастырылған.

Нұршат Қалқынбаева, Маңғыстау тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:

Өз заманында өте құнды нәрселер. Бір үйдің кәдімгі төрінде тұрған. Әркімнің қолы жете бермеген. Мысалы, телефон, қабырға сағаты қымбат. 20 ғасырда жасалған. Бұл да әрбір отбасыда бола бермеген.

Көрме айдың аяғына дейін жалғаспақ. Мұражай қызметкерлері бұл шара алдыңғы буын өкілдерінің ғана емес, жастар арасында да қызығушылық тудырғанын айтады. Келушілер көне заттармен бірге селфи жасап, көрмеден алған әсерлерін әлеуметтік желілерде бөлісуде.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ