Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұрсұлтан Назарбаев Қытай мен Ресей меймандарын қабылдады

  • AstanaTV
  • 15 желтоқсан 2014
  • 1166

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, кеше ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянды қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.

Кездесу барысында екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық, отын-энергетикалық және көлік-транзиттік салалардағы ынтымақтастығының негізгі мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар жөнінде пікір алмасты. Қазақстан Президенті Қытаймен арадағы қарым-қатынастардың қарқыны мен достық сипатына тоқталды.

«Біз ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен бірнеше рет кездестік, елдеріміздің әрі қарайғы ықпалдастығына қатысты көптеген мәселелерді талқыладық. Бұл байланыстар нақты экономикалық сипат алып отырды, олардың ең ірісі энергетикалық серіктестікте көрініс тапты. Бүгінде Қазақстан мұнайының едәуір бөлігі қытайлық компаниялардың қатысуымен өндіріледі. Біз Қазақстан арқылы экспорттық құбыр желісін салдық», - деді Мемлекет басшысы.

Ли Кэцян өз кезегінде Мемлекет басшысына ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің сәлемі мен игі тілектерін жеткізді, сондай-ақ екі елдің өзара ықпалдастығы оң сипатта дамып келе жатқанын тілге тиек етті.

Нұрсұлтан Назарбаев мұнан соң, Ресей Федерациясының үкімет төрағасы Дмитрий Медведевті қабылдады. Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар туралы да сөз қозғады. Қазақстан Президенті біздің ел мен Ресейдің арасындағы ынтымақтастық толық сенім негізінде дамып жатқанын айтты.

«1 қаңтардан бастап біздің мемлекеттеріміз Еуразиялық экономикалық одақ аясында ықпалдасатынын атап өтті. Ресей үкімет төрағасы екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың деңгейі өсіп келе жатқанына тоқталды. Ол: «Біз шынымен де өте жақын серіктестерміз. Біздің алдымызда, бастауында Сіз тұрған өте салиқалы интеграциялық жоба бар. Еуразиялық экономикалық одақтың келесі жылдан бастап жұмыс істейтіні өте маңызды. Осы сәтті пайдалана отырып, Сізді және достас Қазақстан халқын келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтауға рұқсат етіңіз», - деді Дмитрий Медведев.