Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан Президенті Украина басшысымен келіссөз өткізді

  • AstanaTV
  • 23 желтоқсан 2014
  • 1794

Путин, Порошенко, Меркель және Олланд апта соңында Минискіде жүздесуге келісті. Тараптар алдын ала телефон арқылы сөйлесіп, диалогты Беларусь астанасында жалғастыруды шешкен. Онда президенттер Минск келісімінің іске асуын өзара пысықтамақ.

Шығыс Украинадағы шиеленісті шұғыл шешу керектігін кеше Киевке барған сапарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та баса айтты. Мемлекет басшысы қырғи қабақ соғысты тоқтау үшін, ресми Астана Мәскеу, Украина және Еуропа арасында арағайын болуға дайын екенін атап өтті. Оған қоса Назарбаев Украинаның бөлшектенуіне қарсы, яғни аумақтық тұтастығын қолдайтынын білдірді. Петр Порошенко Қазақстан Президентінің шынайы ниетін лайықты бағалайтынын айта келе, украин халқының алғысын жеткізді. 

Петр Порошенко, Украина президенті:

Қазақстан Президентінің, қазақ халқының Украинаны қолдау позициясы шынайы екенін мен сеземін. Украина халқы атынан алғысымды айтамын.

Украинадағы тұрақсыздық салдарынан соңғы тоғыз ай ішінде екі ел арасындағы сауда-саттық отыз пайызға түсіп кеткен. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін, үкіметаралық комиссия жұмысын бастайды. Қазақстан негізінен Украинадан ауыл шаруашылығы техникасын, азық-түлік өнімдерін жеткізеді. Осыдан екі жыл бұрын арадағы тауар айналымы төрт млрд долларға жеткен. Бірақ әлеуетіміз бұдан жоғары. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев алыс-беріс, барыс-келісті арттыру қажеттігіне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз Украинаға Қазақстандағы арзан көмір өндіретін Екібастұз кенішінен көмір жеткізуге келістік. Сондай-ақ мен Петр Порошенконы Қазақстанға ресми сапармен шақырып отырмын. Және Қазақстан-Украина бизнес форумын өткізіп, кәсіпкерлерді жолықтыру керек. Олар да қай салада байланыс орнатуға болатынын шешеді.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ