Русский Сайттың толық нұсқасы

Таразда қарапайым ұстаз ертегі кейіпкерлерін жасайды

  • AstanaTV
  • 22 желтоқсан 2014
  • 1993

«Қазақтың баласы қазақтың қуыршағымен ойнасын». Тараздағы қарапайым ұстаздың ұстанымы - осы. Ертегі кейіпкерлерінің бейнесіндегі қуыршақтардың пайда болғанына көп бола қоймады. Отандық өнім, ұлттық нақышпен өрнектелген дүниелер нарықтағы Қытай ойыншықтарынан 10 есе арзан болады, деп сендірді жоба авторлары.

Әлия Нұржігітова жергілікті колледждің бірінде ұстаздық етеді. Қанат қақты жобаларын ол студент кезінде бастаған. Ал қазақ қуыршақтарын шығару базарда жүргенде пайда болған идея еді, деп еске алады.

Әлия Нұржігітова, кәсіпкер:

Қарап тұрып, ойыншықтар арасында бірде-бір қазақтығымызды көрсететін қуыршақ таппадым. Балаларымыз неліктен шетел мультфильмдерінің кейіпкерлеріне еліктеу керек? Содан мен мұны «ұлттық өнім» деп алып, ұлтымызды сүюді, дәстүрімізге ден қоюды ойыншықтар арқылы бергім келді.

Әлияның қазір 3 көмекшісі бар. Шағын бөлмені олар фабрикаға айналдырған. Қуыршақтармен қатар, кестелеген жастықша, орындық жапқыштарын жасайды. Балаларға арналған құрастырма-мозаика да бар. Онда қазақтың төл теңгесі, Алаш ардақтыларының суреттері бейнеленген.

Әлия Нұржігітова, кәсіпкер:

Отандық өнім ретінде балалардың шешендігі мен шеберлігін, есеп-қисапқа құмарлығын оятатын ойыншықтар шығарудамын. Бұл тек бастамасы. Келесі жылы полимер, пластмасс өнімдерінен құрастырмалы қуыршақтар жасамақпыз. Таза, әрі табиғи болсын, деп ағаштардан да ойыншықтар жасау жоспарда бар.

Жоба авторы 1 жыл бұрын облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған бизнес-идеялар байқауында көзге түсті. Қазақ ертегілері мен ұлттық нақышта қуыршақ жасау жобасы көпшілік тарапынан қолдау тапқан.

Бекнұр Сатыбалдиев, Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы:

Бұл кісілер осында Тараздың өзінде жасап, осында шығармақшы. Жалпы, Жамбыл облысында қуыршақтар шығару жағынан ұлттық нақыштар мен пазылдар құрастыратын бұл - бірінші кәсіпкер. Бұған дейін тіркелген жоқ.

Кәсіпкердің аядай бөлмеде ауқымды іспен айналысып жатқанына бір аптаның жүзі енді ғана болды. Осыған қарамастан, тапсырыс берушілер табылып жатыр, дейді.

Бұл - ұстаз бен шәкірттің балаларға деген базарлығы. Алғашқы айналымға жасап шығарғандары жүз дана жаңажылдық сыйкәде. Құдай қаласа, қой жылы қыр астында тұрғандықтан, бұл базарлықтарда қазақтың қошқары қойылған. Әрі қазақша тілектерге тұнып тұр.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ