Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан және Украина өзара экономикалық қарым-қатынасты қайта қалыпқа келтірмек

  • AstanaTV
  • 22 желтоқсан 2014
  • 1772

Қазақстан және Украина өзара экономикалық қарым-қатынасты қайта қалыпқа келтірмек. Сауда айналымы көлемін бұрынғы 4 млрд долларға қайта жеткізуге мүмкіндік бар. Бұл туралы бүгін Киевте Нұрсұлтан Назарбаев пен Петр Порошенконың екі жақты кездесуінде айтылды. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Украина басшысын күш біріктіріп, Украинадағы дағдарысты шешуге үндеді. Нұрсұлтан Назарбаев Украинаның шығысындағы қақтығыстардан ешкімге пайда тимейтінін және жазықсыз жандардың өлімін тоқтату қажет деді. Бұл бағытта Мемлекетіміздің басшысы Ресей, Украина және өзге елдермен де орнаған достық қатынастардың арқасында шиеленісті шешуде адал менеджер болуға ниетті. Мемлекет басшысының жұмыс сапары туралы арнаулы тілшіміз Мөлдір Бақытқызы Киевтен телефон арқылы хабарлайды.

Тап қазіргі кезде көптің құтын қашырған экономикалық тұрақсыздықтың орнауына түрткі болған осы Украинадағы шиеленіс, бейнелеп айтқанда, бір жыл бұрын Майданда тұтанған от ақыры бүкіл әлемді шарпыды. Қырымға қатысты санкциялар соғысы күннен күнге ушығып, экономикалық соққы естен тандыратын түрі бар. Қайта тепе-теңдік орнатып, тығырықтан шығудың бір-ақ жолы бар. Ол бауырлас елдер қарым-қатынасты қайта қалпына келтіріп, татуласуы тиіс. Қазақстан Президенті бүгін осы ойын бүкпей айтты. Және де Президент Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын тағы қайталады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жағдай сөзсіз өте күрделі. Мен өз тарапымнан Украинаның шығысы мен басқа өңірлеріндегі жағдайдың оңалуына, жалпы елдегі жағдайдың түзелу жолында жасалып жатқан жұмыстарды қолдаймын. Бүгінгі қақтығыстар ешкімге пайда әкелмейді. Біз Еуропа, Ресей және Украинамен арада орнаған достық қарым-қатынастың арқасында сіздермен бірлесіп, аталмыш жағдайды шешуде қызметтесеміз деп ойлаймын.

Соңғы 9 ай ішінде Қазақстан мен Украина арасындағы сауда-саттық 30 пайызға төмендеп кеткен. Бүгін мұны тез арада қалпына келтіру шешілді. Ол үшін үкіметаралық комиссия жұмысын бастайды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Петр Порошенконы елімізге ресми іссапармен шақырды. Ал украиналық бизнес өкілдерін Қазақстанда қарқын алып жатқан жол мен баспана құрылысына қатысуға құлаққағыс етті. Басты мәселеге ойыссақ, Петр Порошенко Шығыс Украинадағы шиеленісті Минск келісімінің талаптарына сай шешуге әзір екенін айтты. Ол оқ атуды тоқтату, шекара ашып әскерді әкету деген сөз.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ