Русский Сайттың толық нұсқасы

ЕАЭО аясында авторлық сыйақыны жинаудың және төлеудің бірыңғай тәртібі енгізіледі

  • AstanaTV
  • 22 желтоқсан 2014
  • 1092

Еуразиялық экономикалық одақ аясында авторлық сыйақыны жинаудың және төлеудің бірыңғай тәртібі енгізіледі. Бұл туралы әділет министрі Берік Имашев Мәжілісте Үкімет сағатында мәлімдеді. Осы бағытта 2015 жылы үш халықаралық шартқа қол қою жоспарланған. Аталмыш келісім жобасында жиналған сыйақыны бөлу тәртібі және мерзімі белгіленеді.

Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одаққа кіргенде, Қазақстанның зияткерлік құқықтарын қорғау тәртібі қалай жүргізілетінін баяндаған министр жалпы зияткерлік құқықты қорғау индикаторы бойынша еліміз соңғы үш жылда көрсеткішін 42 тармаққа жақсартқанын айтты. Қазақстан 116-шы орыннан 74-ші орынға көтерілді. Осылайша Испания, Бразилия және Ресейдің алдында.

Ал соңғы 5 жылда зияткерлік меншік объектілеріне берілген қорғау құжаттарының жалпы өсімі 61 пайызды құрайды. Бұл жерде шетелдіктердің белсенділігі артқан. Нәтижесінде шетелдік тауар таңбасын қолданғаны үшін, отандық кәсіпорындар қыруар қаржы төлеп отыр. Министр тек бір сыраны ғана мысалға келтірді. Берік Имашевтің айтуынша, әлемге әйгілі бір сыраның маркасын пайдаланғаны үшін, біздің кәсіпкерлер сол тауар белгісінің құқықтық иегеріне жылына 6 млн еуро төлейді екен.

Берік Имашев, ҚР Әділет министрі: 

Тіркелген объектілердің негізгі бөлігін тауар таңбалары құрайды - 71 пайыз. Олардың ішінен тауар таңбаларына ұлттық өтінім берушілердің өсімі 48 пайызды құрайды. Бұл жерде шетелдік өтінім берушілердің соңғы бес жылдағы белсенділігін ерекше атап өткім келеді. Олардың тауар таңбаларын тіркеуі барлық берілген құжаттардың 52 пайызын құрайды. Бұл шетелдік құқық иеленушілер үшін отандық нарықтың тартымдылығын растап отыр.

Айгүл ӘДЕПБАЙ