Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте Қызыл кітапқа енген қарақұйрықты өлтіргені үшін дәрігер ұсталды

  • AstanaTV
  • 24 желтоқсан 2014
  • 1028

Шымкенттік дәрігер Қызыл кітапқа енген қарақұйрықты өлтіргені үшін ұсталды.

Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД таратқан ақпаратқа сүйенсек, Шардара-Арыс күре жолында тоқтатылған көлік күдікті көрінеді. 33 жастағы Шымкент тұрғыны басқарған көліктің ішінен Қазақстанда сирек кездесетін қарақұйрықтың тұтас еті табылған. Бұдан басқа, көліктен 12-ші калибрлі аңшы мылтығы, оның оқтары және аңшыға қажет өзге де заттар анықталды. Көлік иесінің қалалық ауруханалардың бірінде жұмыс істейтіні белгілі болған. Барлық айғақтар алынып, күдікті азамат ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.

Аталған фактіге сәйкес, ҚК-тің 288-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Дәрігер бұл қылмысы үшін 200-ден 500-ге дейін АЕК көлеміндегі айыппұл төлейді немесе мүлкін тәркілеумен бірге бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін, - дейді құқық қорғаушылар.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ