Русский Сайттың толық нұсқасы

«Көкектер» қайта қаптады?..

  • AstanaTV
  • 23 қаңтар 2016
  • 2874

Tengrinews.kz Астана қаласының Сарыарқа ауданы прокуратурасына сілтеме жасап, Астанада жылына кәмелетке толмаған 70 қыз жүкті болатынын жазды. Зорлықпен болғандары да бар. Әйтсе де жасөспірім қыздардың арасында қылтыңдағандары аз емес- деген ақпарат берген  прокурорлар. Қылмыстық кодексте ата-ана міндетін орындамағандарды былайша айтқанда, тәрбие бермегендерді жазалайтын шаралар қарастырылған: 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл, 180 сағатқа қоғамдық жұмыстарға жегу, 10 сөткеге қамау...  Бұл «иманды ұмытқан, намысты ұмытқан» деп басталатын әңгіме ғана емес. Бұл айтпаса, талқыламаса, сөз етпесе «жоқ» болып кететіндей, шын мәнінде ешқайда жоғалмайтын, керісінше, жарылатын қарын сияқты мәселенің бірі. Ол – жыныстық тәрбие беру мәселесі.Және қызға да, ұлға да... Біз өтірік ұялудан, жалған намыстан, сосын пыш-пыш әңгіме, бет шымшудан бір сөзбен айтқанда фальштан «дәретханаға» өзіміз  құлап кетуіміз мүмкін екенін түсінеміз бе?

Бейнеқыстырма

Терме. Керілген жіптен ою-өрнекті ретімен тереді... Берік, өте әдемі. Қазақтың қарагөз қыздарына осыны тере білу сән еді. 

Қоғам бүгінгі қарагөз қыздардың тастандыларын «теріп» жүр. Өмірден де не тоқығанымызды біле бермейміз кейде...»

Бұл Баян Өлгей аймағынан көшіп келген бауырымыз Нұрболдың «Фэйсбук» желісіндегі жазбасынан. Ол сол аймақтағы қазақтардың тұнық тіршілігін сипаттайтын фотоларды үнемі салып жүреді. Және өзінің пікірі бар азамат. Кей пікірі көкейдегіні дөп басады, жаңағы «терме» сияқты. Нұрболмен «Біздің сұхбат» бар. Сәл кейін. Қазір Жамбыл облысындағы меншікті тілші Данияр Әлімқұл сол оқиғаларды кейбір ата-ананың «көрсететін жерің болса, неге көрсетпеске» деп келетін әңгімелерін тыңдамайтын, керек қылмайтын сана берсін деген ретте баяндайды. 

Нәжісте жатқан нәресте. Бұл 3-ші қаңтар. Қақаған қыс.  Арқандай созылған «Алматы-Ташкент» тас жолы. Туған анасы тоғыз ай көтерген баласын әжетханада босанып, терең түбіне тастап кеткен.  Елсіз дала! Ешкім жоқ. Кенеттен, күре жолдың бойына кездейсоқ көлік тоқтайды.

Гүлайым Көбәділова, Тараз қаласының тұрғыны:

Қарасақ, туалеттің ішінде бұрышына қарай, жатыр екен кішкентай әлди. Оң жаңбасымен беті бері қараған. Қол -аяғы қимылдап жатыр. Сол дауысты естіп көрдік, сосын жолдасым хабар берді дереу.

Тез арада төтенше топ та жетеді. Ал, шырылдауға шамасы келмеген шақалақ - суық жерде жарты сағатқа жуып жатып қалған.  Бір сәтке бөгелместен балақайды құтқаруға тоғыз бірдей төтенше қызметкері жұмылады. Алайда, бетон қабырғалы дәретхана «алынбас қамалға» айналады. Шағын денелі құтқарушылардың біріне дәрет тесігінен төменге түсуге тура келеді. Сол сәтте  Ерланның ерлігі – сәбиді ажал аузынан алып қалды.

Жөргекке оралып, жылаған сәбидің даусы

Жарайсың! Міне, батыр жігіт!

26 жастағы Ерлан Меңдібаевтың негізгі жұмысы – фельдшер-диспетчер. Жұмысқа ораналасқанына 3 ай да болмаған.  Соған қарамастан аса қиын тапсырманы асқан ұқыптылықпен еңсере білді.

Ерлан Меңдібаев, ТЖМ аппаттар медицина орталығы, күре жолдық медициналық құтқару бекетінің фельдшер-диспетчері:

Баланың даусы шықпай қалды мен түскеннен кейін. Қорқып кеттім балаға бір деме болып қалды ма, өліп қалды ма деп. Артынша ақырын барып, қолыммен сұтап қалып едім бала-шыңғырып жылап жібереді ғой,мәәә. Сол кезде қуаныштан қуанып кеттім ғой баланың шыңғырған даусын естіп. 

Жұрттың жағасын ұстатқан жағдай тәртіп сақшыларын да табанынан тік тұрғызды. Көкек ананы іздеуге 3 мың жамбылдық полицей жұмылды.  Сонымен қатар Тұрар Рысқұлов, Байзақ және Меркі аудандарында барлық жүкті әйелдердің тізімі тексерілген. Туған баласын әлпешіне алмаған әйел әзер дегенде бес күннен кейін барып құрықталды.

Еркін Қуанышев, Жамбыл облысы прокурорының аға көмекшісі:

Шешесінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ол кісі бойынша сот сараптамасы жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс сотқа жолданғаннан кейін, қылмыстық істі қарау барысында талап-тілек беріледі аналық құқығынан айыру туралы.

21 жастағы жастағы азаматша тек аналық құқығынан айырылып қана қоймай, 4 жылға сотталуы мүмкін. Бірақ әзірге 2 жастағы баласы болғандықтан бостандықта.  Ешқайда кетпеу туралы қолхат жазып, кепілақымен босатылған.

Енді тастанды сәбидің тағдыры не болмақ?  Алаңдаушылардың санында есеп жоқ.  Асырап алам деушілер де күрт көбейді. Ал өз немересін асырағысы келгендердің әрекеті - әжесіне қатты тисе керек,  «балақайымды бөтенге бермеймін» деп отыр. Жиенін асырауға жағдайының жететін айтып жылайды.

Бибігүл Мәжіғұлова, тастанды сәбидің әжесі:

Қандай құжат жина десе де, қайтпаймын мен. Баланы ешкімге бермеймін. Баланы асыраймыз өзіміз.  

Әзірге балалар үйіндегі Жансая ешкімге берілмейді. Тергеу аяқталған соң барып нақты шешімі шықпақ. 

Жамбыл жеріндегі әжетханадан табылған шақалақтың  шуы басылмай жатып, екінші оқиға да елді естен тандырды. Бұл жолы Талас ауданы, Үшарал ауылынан жағымсыз хабар желдей есті. Осы ауылдың оң жақта отырып жүкті болған 10-шы сынып оқушысы Тараз қаласына бара жатып, көлік  ішінде босанады. Сорақысы сол, 16 жастағы қызының қылығына «қызарған» анасы автокөлік терезесінен нәрестені  жолдың жиегіне лақтырып жібереді.

Салдарынан, сәбидің бас-сүйегі сынып, бірден бақилық болады. Оқиға - 13 қаңтар күні таңғы сағат бестерде «Тараз-Ақкөл-Саудакент» тасжолында болған. Ал, қансыраған қызын анасы ауруханаға алып барғанда қылмысы ашылады. Сол сәтте ақ халаттылар кәмелетке толмаған мектеп оқушысының босанғанын біліп, бірден полицияға хабар берген. 

Гүлчехра Зияутдинова, Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекші маманы:

Бұл қылмысы үшін 53 жастағы әйел 15 пен 20 жыл аралығына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Немесе өмір бақиға сотталып, мүлкі тәркіленеді.

Кейінірек, нәрестені көліктен лақтырған әйелдің босанған қызды асырап алғаны анықталды. Өзі бала сүймегендіктен қайнысының қызын қолына алған екен. Не десек  те, немересін қиянатқа қиған қатігез әйел бұл қадамға қорқыныштан барғанын  айтқан. 

Еркін Қуанышев, Жамбыл облысы прокурорының аға көмекшісі:

Қызым шыңғырып жіберді. Түсті-түсті деп айқайлап жіберді дейді. Содан қарасам жерде домалған зат жатыр екен дейді. Соны алдым да, есікті  былай аштым да лақтырып жібердім дейді. Көлік тоқтамаған. Ол кісіні Жамбыл психатриялық  диспаенсеріне ауыстырды. Сот  психиятриялық сараптама тағайындалды. Экспертиза нақты береді.  

Олар жолға шыққан күні көршісінің көлігін жалдапты. Қазір көлік жүргізуші де істі болды. Ол күдікті ретінде қылмыс жайлы хабарламағаны үшін айыпталуда. Әзірге, қолхатпен үйіне жіберілген.

Еркін Қуанышев, жамбыл облысы прокурорының аға көмекшісі:

Ол сол кезде лақтырылғанын біліп тұрып, өзі айтып отыр: «іңгәлаған баланың даусы шықты да, есік тарс етіп ашылды да, лақтырып жібергенін білдім» деп отыр. Ол сол кезде тоқтау керек еді.   

Ал, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген оқушы қыз – апта жатып, айығып алды.

Ғалима Төлепбергенова, Жамбыл облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

Жағдайы қан кетуден әсіреген болатын. Реанимацияда 1 тәулік жатты. Бұл жағдайдың болашақта бала көтеруіне кері әсері жоқ.

Кәмелетке толмаған оқушы жақсы көрген жігітінен жүкті болыпты.

Еркін Қуанышев, Жамбыл облысы прокурорының аға көмекшісі:

Маусым-мамыр айларында екуі жыныстық қатынасқа түскен. Сонық нәтижесінде, бұл кісі жасөспірім қыз жүкті болған.

Жасөспірім қыз жүктілігін жасыру үшін арнайы белбеу байлап алып жүріпті. Содан мектепте де ешкім байқамаған. Біз қыздың жүрегін жаралаған жігітті іздеп оқу орнына бардық. Ақкөл ауылындағы кәсіптік колледжде 3 курс оқитын Елдос осы оқиғадан кейін сөйлеуден қалған. Туыстарына да тіл қатпайды екен. Біз де сөзге тарта алмадық. Бірақ, Елдосты асырап алған әкесі Жеңісбек Иманбеков бар жәйтті жайып салды.

Жеңісбек Иманбеков, Елдосты асырап алған әкесі:

Анау анықтайды екен ғой ДНК деген папа? Сол анық мен болсам, мен аламын дейді, үйленем дейді. Қыз да, бала да қашып отырған жоқ. Мысалы, қыз менің балама тұрмысқа шықпаймын болмаса, менің балам алмаймын деген әңгіме жоқ.  

Еркін Қуанышев, Жамбыл облысы прокурорының аға көмекшісі:

Егер олар үйленемін дегеннің өзінде Некеге тіркемейді оларды.

Кәмелетке толмай жыныстық қатынасқа түскендер жазаланады ма? Сұрап көрдік.

Еркін Қуанышев, Жамбыл облысы прокурорының аға көмекшісі:

Оның жазасы 5 жылға дейін бас бсотандығынан айыру.//

Ал, осы оқиғадан кейін жамбылдық шенеуніктер бірінен соң бірі қызметімен қош айтысты. Аймақ басшысы Кәрім Көкірекбаев кәрін төкті. Мектеп мұғалімінен бастап ұзын-саны 12 адамды жазалаған...

Мектеп қабырғасындағы қыздармен қандай жұмыс жүргізу керек?  Бұл сұраққа психолог Айгүл Әбдірахманова  әріптестерінің «әлсіздігінен» деп жауап берді. «Білім ошағындағы жантанушылардың жұмысында жүйе жоқ. Бойжеткендердің болмысына бей-жай қарау басым.  Салдарынан, сыр бөліспеген жерде ақыл да айтылмайды. Осындай олқылық болады»- дейді.

Айгүл Әбдірахманова, психолог:

Қазірггі мектептердің көбінде таза психологтар жоқ. «Өзін-өзі тану» пәнін әр түрлі маман иелері өткізеді. Бізде қыздарға көп нәрсе жетпейді. Кейібір аналар қыздарымен ашық әңгімелесе алмайды. Өздерінің сырларын қыздар айта алмайды.  

Ал, шариғат бойынша баласынан безінгендердің сипаты мен салдарын  – зинаның зардабы дейді! Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Қандай бір қоғамда  зина мен несие дамыса, ол елге Алла Тағала әртүрлі табиғат апаттары мен жұқпалы ауруларды жіберіп жазалайды» деген.

Ержан Аманбаев, Жамбыл облыстық мешітінің найб-имамы:

Шынымен де қарап тұрсаң бұл  адамгершіліктен асып, азғындаудың нышаны. Бұған тек қана отбас кінәлі емес. Мектептегілер де кінәлі. Өйткені ата-ана мектепке жібереді баласын. Мектепте имандылық сабағын көп-көп жастардың бойына сіңіру керек.

Жамбыл облыстық прокуратурасының мәліметінше,  2014 жылы аймақта 100 кәмелетке толмаған жасөспірім жүкті болған. Ал, былтыр 77 қыз-баланың аяғы ауырлапты...

Есті қыз – етегін жабады. Осылай, атам қазақ айтқан ғой! Қараңыз, қыздан қылық кетсе, ұлдан ұят қашады! Өйткені, құрсағынан қағынған қызға, жөргегінен жерінген жігіт қашанда табылады. Ұлттың ертеңі - арудың арында. Ал, жеңілтек сезім мен желөкпе қатынастан тастанды тағдыр туады.  Сіз ойланыңыз. Біреулер балшықтан бала жасай алмай жүр.

Данияр Әлімқұл, «Біздің уақыт».