Русский Сайттың толық нұсқасы

«Өзге пікір»

  • AstanaTV
  • 23 қаңтар 2016
  • 2965

Қазір Марат Ерназарұлы жүргізетін «Өзге пікір» айдары. 

Тақырып:  Қытайша білмесең, күнің қараң!

Ассалаумағалейкүм! Ақтөбедегі қытайлық компания қызметкерлеріне ультиматум қойды.

Қазақстанда тұрып, қазақша емес, қытайша білмесең, жұмысқа алынбайсың, жалақың өспейді, қызметің жоғарыламайды. Күлейін бе, жылайын ба?! Бұл талапты қойып отырған қытайлық компаниялар. Нақтыласақ «СНПС Ақтөбемұнайгаз». -Оған жұмысқа тұрам десеңіз, сізге көне қытай тілін меңгеру керек- деп жазады «Аktobetimes». Яғни қытайша білмесең, күнің қараң! Жұмыскерлердің аспан асты елінің тілін қаншалықты жақсы меңгергені әр жарты жыл сайын тексеріліп тұрмақ. Алдымен компания ақшасына Қытайда оқып келген қазақ жастары сынақ тапсырады. Егер сынақтан сүрінсе, жұмыссыз қалады. Мекеменің бас директоры Ван Цзюньжэнь мырза арнайы бұйрық та шығарған. Қараңыз:

Бейнеқыстырма

Мемлекеттік тіліміз басын босағадан да қылтита алмай қалды. Жұмысшылар наразы көрінеді. Өйткені қытайша сайрап тұрмасаң, жалақыңа үстеме төленбейді, қызметтік өсу туралы армандаудан да қаласыз. «Ақтөбемұнайгаз» компаниясында  6 мыңнан астам жұмысшы болса, оның 2 пайызы ғана Қытай азаматтары. Екінші мәселе, «СНПС Ақтөбемұнайгаз» Қытайдың жекеменшік мекемесі емес. Ол компания акциясының 60 пайыздайына ғана иелік етеді. Қалғаны Қазақстандікі. Яғни ортақ ақшаға оқып келген жастар, неліктен қытай тілінен сынақ тапсыруға міндетті?! Ал тіл туралы заңымыз тіптен жайына қалды... Қысқасы, «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса»... немесе «жаман үйді қонағы билейді», деген еріксіз түседі есіңе... 

Аноним: Мынау өте аянышты жағдай екен. Кешегі Шерхандай ағаларымыз болмаған ба сонда? Облыс басшылары  не қарап отыр екен, намысты таптатып.

Аноним:

Иесі жаманды қонағы билейді. Сорлы балықтың күнін кешіп жүрміз ғой.

Аноним: 17 жыл жұмыс жасадым қытайлармен «СNPS Ақтөбемұнайгазда». Міне ендi қысқартуға түстiм, жұмыс жоқ.

Аноним: Ақшамыз доллар, тіліміз ағылшын, орыс, қытай болды. 1986 желтоқсанға биыл 30 жыл, армандағанымыз осы ма еді?!

Аноним: Жоғарыдағылардың көбі бірінші Ана тілін – қазақ тілін үйреніп алсыншы, дұрыс саясат жүргізу үшін)))

Аноним: Не болса ол болсын, қытайларды қуу керек бұл елден. Бұлар басқа шығып барады. Экономикасы көтерілмесе көтерілмей-ақ қойсын, қазақтың жігіттерін таптатпау керек.

Тақырып: Iшкішке «құрмет»...

Студияда жүргізуші: Қазақ тіліне құрмет көрсетпегенмен, бізде алқаштарға «құрмет» көрсетіледі. Ақтауда тіпті маскүнемге ескерткіш орнатылған. Оны қаланың орталық жағажайында орналасқан түнгі клубтың бірі қойған. Ащы суға сылқия тойып алған адам бақанға сүйеніп, құлағалы тұр. Сонда да қолынан шөлмегін тастамаған. Мекеме басшылығы «көп ішсең, осындай күйге түсесің» дегенді меңзегендерін айтқан. Алайда медальдің екінші жағы барын ұмытпайық.  Ішімдікті асыра сілтейтіндердің аз еместігін талайдан бері айтып келеміз. Бізде жан басына шаққанда әрбір азаматқа жылына 5,5 литр этил спиртінен келеді деген ақпарат бар. Ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, әр тұрғынға 5 литр алкогольден келсе, бұл ұлт үшін қауіпті деп саналады.

Шаян: Неткен джентельмен! 30-жылдардан келген сияқты. Маған ұнады. Жаңашыл, жақсы дүние. Әйтпесе бізде қойларға ғана ескерткіш орнатылады.

Letty: Интеллигент адамға Ақтауда тек осылай ішіп жүруден басқа амал қалмаған сияқты көрінеді...

Егеруқұйрық: Маған мына мүсін ұнады. Мейрамханадан осындай күйде сүйретіліп шықпас үшін, шошқа сияқты тойып алма деген мағына береді. Ал бізде көбі солай шығады. Сөйте тұра өздерін мәдениетті санайды.

Таңқурай: Мұсылман елінде маскүнемге осындай ескерткіш орнату барып тұрған азғындық.

Херсгоры: Бізде ішкіштер мүсінсіз де жетіп жатыр. Олар осы ескерткішті көріп, ішпеу керек екен деп ойлана қалар дейсіз бе?! Одан да қызық бір нәрсе жасамай ма... Әйтпесе бізде қой мен маскүнемге ғана ескерткіш орнатылып, құрмет көрсетіледі.

Сіз не дейсіз? Медальдің қай жағын көріп тұрсыз? Пікір білдіруден шаршамаңыз. «Өзге пікірге» сіздің пікіріңіз керек!