Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстіктен Солтүстікке бет түзеген көш

  • AstanaTV
  • 23 қаңтар 2016
  • 2129

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің дерегінше, аталған облыстың  2016 жылы 300 отбасын көшіріп алуға мүмкіндігі бар.

Дәл қазір аудандарда 185 бос жұмыс орны мен 110 бос тұрған үй бар. Бос жұмыс орындарының 110-ы – ауыл шаруашылығы саласында, 75-і – бюджеттік мекемелерде. Көшіп келген отбасылардың балаларын мектеп, балабақшаға кедергісіз орналастырамыз, – деген әкімдік қызметкері Алма Махметова, «Азаттықтағы» әріптестерге берген сұхбатында. Оны әкімі де Астанадағы брифингте айтқан.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Біз 110 үй дайындадық. Оңтүстік Қазақстан облысынан 18 отбасы көшіп келді. Қалғандары бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Келгендер астық жинау науқанына қатысты. Солтүстік Қазақстанда өмір сүру ыңғайлы екеніне көздері жетті. Жұмыс бар, жер бар. Ал іскер азаматтардың бақша өсіруне мүмкіндік зор. Мал шаруашылығымен де айналысуға болады. Шұрайлы жайылымдар бар. 2 млн гектардан астам. Сонымен қатар 250 отбасын қабылдаймыз – жартысы оралмандар, қалғаны халқы тығыз орналасқан ОҚО ғана емес, Маңғыстау, Алматы облыстарынан. Біз бұл квотаны тағы 300 отбасына көбейтуді сұрап отырмыз.  Жалпы 500 отбасына дейін көшіп келсе дейміз. Қажетті инфрақұрылымдарды дайындаймыз.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасында «жұмыс күшіне тапшы» аймақтарға «жұмыс күші артық» облыстардан мамандарды шақыру жайы да айтылған. Әр облыс осы бағдарлама негізінде азаматтарды көшіру жоспарын жасауға кіріскен. Халық аз қоныстанған Солтүстік Қазақстан облысы ғана емес, жұмыс күші жетпейтін Шығыс Қазақстан облысы да осы істі бастап кеткен.

Аталған порталда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Қызылсеңгір ауылының тұрғыны, үш жылдан бері теміржолшы мамандығы бойынша жұмыс таппаған Батыржан Лесбаев Солтүстік Қазақстан облысына көшуге қамданып жүргені жазылады.

 Үйдегі жеті жан – әке-шешем, інім, әйелім мен екі балам, бәріміз шешемнің зейнетақысына қарап отырмыз. Тұрақты жұмыс тауып берсе, жердің түбіне болса да барамыз, – деген Батыржан Лесбаев.

Солтүстіктің ауа райы суық екенін айтқанда ол: «тұрақтылық жоқ болса, жылы жерде отырған неге керек» дейді. Бұл бүкіл әңгіменің түйіні – адамдардың тұрақты жұмысы болуы сияқты маңызды факторға жеріміздің бос жатпауы, солтүстік өңірлердегі тұншыққан қазақ тілінің жарқын естілуі сияқты факторларды қосып, Батыржан сияқты батыл жандардың көп болғанын қалаймыз...