Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскеменде электр қуаты қымбаттады

  • AstanaTV
  • 05 қаңтар 2015
  • 1425

Жаңа жылға жаңа бағамен. Өскеменде 1 қаңтардан бастап электр қуатының тарифі тұрғындар үшін 10 пайызға, ал заңды тұлғалар үшін 9,3 пайызға көтерілді.

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті әдеттегідей ақталып бақты. Айтуларынша, монополистер бағаны бірден 23 пайызға көтеруді сұраған. Олар жылу және су электр стансаларының электр энергиясын қымбаттатқанын және «Шығысэнерготрейдтің» жабдықтау үстемесін 15-тен 30 тиынға дейін көтергенін сылтау қылған. Алайда бұған монополияларға қарсы департамент илана қоймай, тарифті тек 10 пайызға көтеруге келіскендерін айтты. Осылайша, 1 киловатт сағат орта есеппен бір теңгеге өсті. Ал халық үшін тариф, қосымша құн салығымен есептегенде, 12 теңге болды.

Айта кетерлігі, шығыс өңірі үшін электр қуаты - жаңа жылдан бастап қымбаттаған алғашқы тариф. Бірақ құзырлы департаментте, алғашқы жарты жылдықта өзге коммуналдық төлемдер бағасы өспейді, деп сендірді.

Айгүл ӘДЕПБАЙ