Енді такси көліктері де бала орындығымен жабдықталуы тиіс. Бүгін Астанада Әкімшілік полиция комитетінің басшылары жаңа жол ережелерін түсіндірді. Соған сай, бұдан былай такси жүргізушілері арнайы орындықтар мен құралдарды көліктің жүк салғышында үнемі бірге алып жүруі тиіс. Қажет болған кезде оны көлік салонына орнатады.
Қанат Сәдуақасов,
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы:
Бұл тек такси жүргізушілеріне ғана қатысты емес. Барлық көліктер балаларды тасымалдаған кезде осындай қауіпсіздік шараларын сақтауға міндетті. Мұндағы мақсат - балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Балаларды көлік ішінде қолда ұстап отыру - аса қауіпті. Арнайы орындық немесе белдік тақпаған баланың жол апаты болған жағдайда аман қалуы екіталай. Немесе бала көлік терезесінен ұшып кетуі де мүмкін. Сондықтан автоорындықтар өте қажет.
Ал полиция инспекторлары енді көлік жүргізушілерін себепсіз тоқтата алмайды. Жаңа ережеге сәйкес, көлік жүргізушісін тоқтатқан жол патрульдік полиция
қызметкері - жүргізушіге тездетіп келіп, қандай жол ережесін бұзғаны үшін
тоқтатқанын хабарлауы тиіс. Айта кететін жәйт, осы процестердің барлығын
бейнетіркеуіш бақылайды. Әкімшілік комитет басшылығы, көлікті себепсіз тоқтатқан инспектор
бейнетіркеуіш жазбасы негізінде жазаға тартылатынын, айтты.
Жаңа ереженің тағы
бір жағымды тұсы - енді сенімхатсыз көлік жүргізуге рұқсат берілді. Ал, осыған
дейін көліктерді 4 жыл сайын техникалық байқаудан өткізу керек болса, ол мерзім
7 жылға дейін созылды. Айтпақшы, жаңа қағида бойынша 7 қаңтардан бастап көліктер
жақын жарық шамдарын немесе күндіз жүру оттарын қосып жүруге міндетті. Айта
өтейік, жол қозғалысының жаңа ережелері 1 қаңтардан бастап күшіне енді.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ