Ипотека бойынша қарызын қайтара алмағандар
қақаған қыста далада қалмайды. Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерді қыс мезгілінде адамдарды баспанасынан шығармауға үндеді. Бірақ қар кеткеннен
кейін олардың жайы қалай болатыны белгісіз. Ұлттық банк ұсынған арнайы келісімшартқа
еліміздегі 38 банктың әзірге тек тоғызы ғана қол қойған. Өзара қарым-қатынас
пен ынтымақтастық туралы меморандумда әр банк ипотекалық қарыз алған
азаматтарға көмек көрсету жөнінде келіскен. Яғни құжатта ипотекасын төлей
алмаған азаматтарды жылыту маусымы кезінде үйден шығарылуына жол бермеу туралы
келісім бекітілді. Сарапшылар пайымынша, бұл меморандум тұтынушы мен банк
арасындағы мәселелерді реттеуге ықпал бола алады.
Соңғы 5 жылда еліміздің
екінші деңгейлі банктері ипотекалық несие түрінде 26 миллиард теңге қарыз
берген. Бүгінде оның 11 миллиарды әлі қайтарылмаған. Қаржылық дағдарыстың
салдарынан ипотекалық қарызын тұрақты төлеп келген тұтынушылардың қазір 33 мыңы
проблемалық санатқа өткен. Демек, осы 33 мың азаматтың әрқайсына өз
баспанасынан айырылу қаупі төнген. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының
өкілдері Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер арасындағы осы меморандум борышкерлердің
қарызын мүлде қысқартпаса да, түйткілді мәселенің түйінін шешуге жасалған қадам
деп санайды.
Мәулен Өтеғұлов, Қазақстан қаржыгерлер
қауымдастығының басқарушы директоры:
Бұл меморандум ипотекашыларды барлық қарыздарынан
құтақаратын панацея деп айта алмаймын. Бірақ банктер мен тұтынушылар арасында
конструктивті диалог жасаудағы алғашқы қадам. Жылдар бойы жалғасып келе жатқан
ипотекалық дауды шешудің бастамасы.
Берік ХАСЕНОВ