Русский Сайттың толық нұсқасы

Жаңартылған Қылмыстық кодекс қаңтардың бірінен бастап күшіне енді

  • AstanaTV
  • 05 қаңтар 2015
  • 1935

Жаңа жылдан күшіне енетін ережелер де кең талқыланып жатыр. Араға он жеті жыл салып қайта жаңғыртылған Қылмыстық кодекс қаңтардың бірінен бастап күшіне енді. Заң күрделі, сондықтан болар әзірге қарапайым халық үшін түсініксіздеу. Бірақ кәсіби заңгерлер су жаңа заңның қылмыстық саланы ізгілендіруге бір табан жақындағанын мойындайды. Ескі нұсқасына қарағанда 500-ден астам түзету мен қосымша енгізілген заңнама туралы мамандар пікірін тыңдаған Ришат Асқарбекұлы толықтырады. 

Заңгер Жохар Өтебеков: «Қайта жаңғырған заңның қазіргі қоғам үшін қажет екені даусыз», - дейді. Кеңестік заңгерлердің қолының табы қалған ескі заңды қайта қарауды Президенттің өзі тапсырған болатын. «Енді «қит еткенді» қылмыскер санатына енгізетін заң мейілінше ізгілендірілді», - дейді ол. Бұдан былай қылмысқа күдіктіні, іс сотқа түскенше, «айыпталушы» деп атауға болмайды. Сосын жаңа заң жобасында «теріс қылық» деген ұғым енді. Яғни адамды бірден қылмысқа күдікті ретінде қарастырмай, оны шалыс басқандығы үшін жеңіл жазалауға болады.

Жохар Өтебеков, заңгер:

Жаңа кодекс тұжырымдамасында қоғамға қауіпті іс-әрекет «қылмыс» деп танылғанымен, «теріс қылық» деп аталатын ұғым енді. Яғни қоғамға аса қауіп төндірмесе, болмашы зиян келтіргені үшін, соттап жіберуді қарастырмайды. Оларға істеген қылығына орай, жауап беретін ірі көлемдегі айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту жауапкершіліктері көбірек жүктеледі.

Жаңа заңда экономикалық қылмыстарға қатысты баптар, керісінше, қатайып отыр. Әсіресе жемқорлық іс-әрекетке барғандар ұзақ мерзімге сотталмақ. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға озбырлық жасағандар өмір бақи балаларға қатысты салада жұмыс істеуден шеттетіледі. Ал медициналық салада жасанды түсік жасау, ана мен бала өміріне қауіп төндіргендер мен жасанды дәрі-дәрмек саудалаушыларға жаза қатаяды.

Әмірхан Аманбаев, ҚР Бас прокуратурасының департамент бастығы:

Бұрынғы Әкімшілік құқық бұзушылық енді Қылмыстық құқық бұзушылық және Қылмыстық «шалыс басушылық» деп аталатын болады. Әкімшілік кодекстегі 47 бап жаңа заң жобасына енгізілген. Оның ішінде телефонмен терроризм туралы және әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпарат тарату, ұрлық жасау секілді құқық бұзушылықтар кіреді. Алайда бұл санаттағы қылмыстардың жеңіл не ауыр санатқа жатқызылатындығын сот шешетін болмақ.

Өзара ымыраласу туралы бапқа да өзгеріс енді. Әсіресе жол-көлік апаты кезінде адам қайтыс болса, тараптар келіскен жағдайдың өзінде, кінәлі жақ қылмыстық жауапкершіліктен құтылмайды. Ал полиция күдіктіге құрықталған сәтте-ақ батыс елдеріндегідей құқығы мен не үшін ұсталғанын баяндауға міндеттеледі, яғни Миранда ережесін оқуы тиіс. Сондай-ақ енді тергеу алды тексеру деген болмайды. Бірнеше айлап жатып қалатын істерді азайту үшін, Қылмыстық кодекстен «тергеуге дейінгі тексерістер» деген түсінік алынып тасталды.

Жохар Өтебеков, заңгер:

Енді сіз заңбұзушылық туралы арызды түсірген сәттен бастап ол тергеле бастайды. Ол сотқа дейінгі тергеу реестріне тіркеледі де, тез арада тергеуге жолданады. Яғни бұрынғыдай қылмыстық іс қозғау керек деген түсінік болмайды.

Заңға күдіктінің дүние-мүлкін алдын ала тәркілеу деген бап енді. Бұдан былай сот үкім шығармай жатып, қылмыстық жолмен жиналған дүние мемлекетке қайтарыла бастамақ. Әсіресе мүлік пен қаржы терроризм мен мемлекет қауіпсіздігіне қарсы әрекеттерге жұмсалғандығы туралы күдік болса, бірден тәркілеуге жатқызылады. Ал жаңа заңнамада мас күйінде жол-көлік апатын жасағандар үшін жүргізу куәлігінен айыру мерзімі ұзара түсті. Жол қауіпсіздігін арттыру үшін, көлік жүргізу құқығынан айыру 10 жылға дейін созылды. Кейбір баптарға қатысты заң қатаңдағанымен, қылмыстық саланы ізгілендіруге қатысты талаптар басымырақ. Тіпті түрмелередегі адам санын азайту үшін, мерзімінен бұрын босатудың көптеген тәсілдері қайта қарастырылған.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ