Русский Сайттың толық нұсқасы

ШҚО-дағы Секисовка кәсіпорны акциясын Лондон биржасына саудаға шығарды

  • AstanaTV
  • 05 қаңтар 2015
  • 3063

Әлемге өзінің қазыналы кенімен танылған Шығыс Қазақстандағы Секисовка тау-кен өндіру кәсіпорны өз акциясын Лондон биржасына саудаға шығарды. «Алғашқы күннің өзінде мекеме акциялары 13% өсті», - деп хабарлады «Астана» телеарнасына «GoldBridges Global Resources Plc» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Қанат Асаубаев. Биржадағы саудадан түскен пайда геологиялық барлау жұмыстарын дамытып, жетілдіру жұмыстарына жұмсалады деп күтілуде.

2007 жылдан бері алтын өндіру ісімен айналысатын кәсіпорында 600-ге жуық адам еңбек етеді. Енді компания кенді ашық өндіру әдісінен бас тартып, жерасты қазба жұмыстарын жүргізбек. Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесі табысты аяқталды. Былтыр бұл кеніште 31 мың унция алтын мен 35 мың унция күміс өндірілді. Қанат Асаубаев өз сөзінде алтын өндіру ісін 3 есеге арттырып, бұл межені 2018 жылға дейін 100 мың унцияға дейін жеткізуді көздеп отырғанын атап өтті. 

Қанат Асаубаев, «GoldBridges Global Resources Plc» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы:

Секисовкада үлкен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Фабрикаларды кеңейту де жоспарда бар. Бірақ бұл жұмыстар қаржыны қажет етеді. Сондықтан негізгі халықаралық капиталға қол жеткізу үшін қаржыландырудың барлық түрлерін қарастыру қажет. Ал акциялардың биржаға орналастырылған күні-ақ бірден 13% өсіп, сұраныс артқанын ескерсек, бұл белесті де бағындырар күн алыс емес.

Еркін КАРИН