Русский Сайттың толық нұсқасы

1 ақпаннан бастап Қазақстанда электр қуатының бағасы өседі

  • AstanaTV
  • 08 қаңтар 2015
  • 907

1 ақпаннан бастап Қазақстанның барлық аймағында электр қуатының бағасы өседі. «7 қаңтар күні Энергетика министрі Владимир Школьник бұл туралы жарлыққа қол қойды»,- деп NefteGaz.kz порталы хабарлайды. Министр тарифті көтеруге экономикадағы тұрақсыз ахуал сеп болып отырғанын айтқан. Сондай-ақ, энергетика жүйесінің инфрақұрылымына инвестиция қажеттігі мен жаңа қуат нысандарының құрылысы да - себеп. Ал тарифтердің нақты қаншаға көтерілетіні әлі белгісіз.

Оған қоса, сала министрі Қазақстан аумағында электр энергиясын үнемдейтін құралдардың тасымалына шектеу қойылатынын айтты. Бұл негізінен Electricity Saving Box құралдарына қатысты. Мұндай шешім шығаруға - аталмыш құрылғылардың қазақстандық электр жүйелерінде жұмыс істеу мүмкіндігінің тексерілмеуі себеп. «Сондықтан оларды пайдалану - шығынға алып келуі мүмкін», - деп түсіндірді Владимир Школьник.

Айта кетейік, электр қуатының тарифі 1 қаңтардан бастап еліміздің бірнеше аймағында, яғни Алматы облысы және Алматы, Павлодар, Шымкент, Ақтау қалаларында көтерілген еді. Болжам бойынша, жаңа тарифтер алдағы 5 жылға дейін сақталады.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ