Түркияның
Ыстамбұл қаласы да тыншымай тұр. Жыл басталмай жатып, 16 миллионнан аса халқы
бар алып шаһарда бір апта ішінде екі жарылыс оқиғасы тіркелді. Қаңтардың 6-сы
күні жергілікті уақытпен 17:20-да туристер көп жүретін Сұлтан Ахмет мешіті мен
Айясофия музейінің маңайында оқыс оқиға орын алды. Ақшам уақытындағы
абыр-сабырды пайдаланып, үстіне жарылғыш зат асынған әйел полиция бөлімшесіне
бомба лақтырған. Оқиға кезінде екі тәртіп сақшысы жараланып, бірі ауруханада
көз жұмды.
Құқық
қорғау қызметкерлері анықтаған мәлімет бойынша, Элиф Калшен есімді жанкешті - жиырма алты жастағы бойжеткен. Қожаелі қаласының тұрғыны. Ол осы қаладағы
жоғарғы оқу орнында білім алып жүріп, түрлі қоғамдық тәртіпсіздіктеріне
байланысты бірнеше рет жауапқа тартылған. Тіпті террорлық ұйымның, яғни солшыл
бағыттағы "Халықтық революциялық азат ету майданы" партиясының мүшесі екені
белгілі болды.
Васип
Шахин, Ыстамбұл қаласының губернаторы:
Тарихи ғимараттарымызды күзетуші полиция
бөлімшесіне бір әйел ағылшын тілінде: «Әмиянымды жоғалтып алдым», - деп кіріп
келген. Дәл осы сәтте беліндегі жарылғыш заттарының біреуін іске қосқан. Ол
атылмай қалып, екінші рет лақтырған. Жарылыс кезінде 2 полиция қызметкері ауыр
жарақат алып, оның бірі ауруханада жан тапсырды. Жанкештінің өзі сол жерде көз
жұмған. Кейіннен анықталғандай, оның үстінде жойқыны қатты 3 жарылғыш заты
болған.
Құқық
қорғау мекемелірінің мәліметінше, бұл әйел - жанкешті қыздың анасы. Алайда,
мәйітханадағы өлі денені көріп, менің қызым бұндайға бармас деп, өз баласынан бас
тартып отыр. Ендеше, "өз қызыңыз қайда?" деген сұрақ жауапсыз қалды.
Ал, мамандар жарылыс ұйымдастырған Элиф Калшеннің ата-анасын Қожаелі қаласынан
нақты құжат бойынша алдырғандарын айтады. Әкесінің аты-жөні - Мехмет Калшен.
Эрбу
Тимтик, адвокат:
Мен ата-анасын алып, ішке бірге кірдім. Бізге бойы 163 см
шамасында, аққұбаша, соған ұқсаған мәйттің денесін көрсетті. Әке-шешесі бұл
біздің Элиф емес деді. Алайда, өз қыздарымен бірнеше сағаттан бері еш
байланысқа шыға алмай отыр.
Бұл
биылдыққа екінші рет тіркелген терракт. Еске сала кетейік, жыл басында, яғни қаңтардың
1-де Түркия премьер-министрінің Ыстамбұлдағы резиденциясы Долмабахче сарайын
жармақ болған Фырат Өзчелик есімді азамат құрықталған еді. Оны тәртіп сақшылары бомбаны жармай тұрып,
қақпа алдында қолға түсірді. Мамандар ол да "Халықтық революциялық азат ету
майданы" партиясының мүшесі, яғни марксшіл және лениншіл бағыттағы екенін жариялады.
Самат СҮЛЕЙ