Русский Сайттың толық нұсқасы

Шығыс Қазақстан облысында қар құрсауынан адамдарды құтқару жалғасуда

  • AstanaTV
  • 08 қаңтар 2015
  • 1106

Шығыс Қазақстан облысында өткен тәулік ішінде қар құрсауынан 143 адам құтқарылды. Олардың ішінде 5 бала да бар. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Ауа райының қолайсыздығынан Бородулихин ауданынан жолға шыққан жеңіл көлік жолдан тайып, аударылып қалған. Құтқарушылар көліктегілерді аман алып шықты. 5 адам Жезкент ауылына жедел жеткізілді. Сондай-ақ, Оба кеден бекетіне жақын жерде де 7 көлік аударылып, 20 шақты адам эвакуацияланды.

Синоптиктердің алдағы күндерге жасаған болжамдары да көңіл көншітпейді. Айтуларынша, жел екпіні секундына 28-30 метрге дейін күшейіп, қалың қар түседі. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері шығыс қазақстандықтарға жолға шықпау керектігін ескертіп жатыр.

Евгений Шатурный , ШҚО ТЖҚ ақпараттық - сараптама бөлімінің басшысы:

Өкінішке орай, жолды жабу жұмыстары сәл созылып кетті. Салдарынан жеңіл көліктер жолдарда қалып қойды. Жолаушылардың барлығын да дер кезінде құтқардық. Бірінші кезекте қоғамдық көліктерді эвакуациялауға тура келді.

Әдетте жүргізушілер жарияланған төтенше жағдайды елемей жатады. Сондықтан құтқарушылар арнайы мультфильм түсіріп, бұрқасын мен опа қардың соқтырар зардаптарын көрсетуге тырысты.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА