Русский Сайттың толық нұсқасы

Орталық коммуникациялар қызметінде еңбек мигранттарына қойылатын талаптар түсіндірілді

  • AstanaTV
  • 08 қаңтар 2015
  • 1335

Қазақстанға одақтас елдерден жұмыс күші ағылып келуі екіталай. Биылдан бастап Еуразиялық одаққа мүше елдер үшін ортақ еңбек нарығы құрылғаны белгілі. Осы орайда бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде жауапты министрлік еңбек мигранттарына қойылатын талаптарды түсіндірді. Былтыр Қазақстан шет елдік жұмыс күшіне 63 мың квота бөлген. Бірақ елімізде табыс табуға барлығы 29 мың мигрант келіпті. Оның ішінде Ресейден 8 мыңдай, Беларусьтен - 560, Армениядан 200 жұмыскер келген. Министрлік өкілдері: «Осы қарқын биыл да сақталады», - деп есептейді. Сондай-ақ, одаққа мүше мемлекеттердің барлығында бірдей мигранттарға әлеуметтік сақтандыру беріледі. Босанған әйелдер, оқыс жағдайға тап болғандарға медициналық сақтандыру қаралған. Қазақстанда шет елдік мамандардың қызметіне 2500 компания жүгінеді. Олардың басым бөлігі - тау-кен, құрылыс және өңдеу салаларындағы кәсіпорындар.

Светлана Жақыпова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары:

Қазақстанның еңбек нарығына мигранттар ағылып келеді деген қауіп жоқ. Өз еліміздегі білікті мамандардан айырылып қалу қаупі одан басым. Әрине, бұл біздің жұмыс беруші компаниялардың басшыларына байланысты. Кәсіби мамандарға жағдай жасап, оның ішінде әлеуметтік мәселеге мән беруі керек. Ресейде еңбекақы әлдеқайда жоғары екені белгілі.

Ал 2016 жылдан бастап одақ аумағында зейнатақы қорына да қаржы аударыла бастайды. Мұндай талап жинақтаушы зейнеткерлік жүйеге көшкендерге қатысты болмақ.

Светлана Жақыпова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары:

Елден кетерде мигрантқа зейнетақы қорына жинақталған қаржы бірден берілмейді. Тек мигрант зейнет жасына жеткенде барып, тұрғылықты жердегі құзырлы органнан сұрау түскенде, қордағы ақша аударылады.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ