Русский Сайттың толық нұсқасы

Стамбулдағы жарылыс бойынша тергеу жалғасуда

  • AstanaTV
  • 08 қаңтар 2015
  • 1220

Түркияның Ыстамбұл қаласы да тыншымай тұр. Жыл басталмай жатып, алып шаһарда бір апта ішінде екі жарылыс оқиғасы тіркелді. Соңғысы қаңтардың 6-сы күні жергілікті уақытпен 17:20-да Айясофия музейінің маңайында орын алды. Ақшам уақытындағы абыр-сабырды пайдаланып, үстіне жарылғыш зат асынған әйел полиция бөлімшесіне бомба лақтырып, жарылыс ұйымдастырған. Апат кезінде екі тәртіп сақшысы жараланып, бірі ауруханда көз жұмды. Оқиға орнынан Ыстамбұл қаласының губернаторы Васип Шахин жанкештінің аты-жөнін, жасы мен туған жерін жариялаған еді. Алайда, бүгін алғашқы ақпарат өзгеріп, Түркия ішкі істер министрлігі өзін жарған қыз Ресей азаматшасы екенін хабарлады. Толығырақ тілшіміз Самат Сүлей сабақтайды. 

Құқық қорғау қызметкерлері анықтаған мәліметті алға тартып, алғашқы болып, Ыстамбұл губернаторы жарылыс туралы мән-жайды жариялады. Васип Шахин терактыны ұйымдастырған Қожаелі қаласының жиырма алты жастағы тұрғыны Элиф Сұлтан Калшен есімді бойжеткен екенін мәлімдеді. Күдікті Стамбулдағы оқу орнында білім алып жүріп, түрлі қоғамдық тәртіпсіздіктерге байланысты бірнеше рет жауапқа тартылған. "Ресми дерек бойынша, солшыл бағыттағы ұйымның мүшесі", - деді қала губернаторы. Бұл ақпар жер-жерге тез тарап кетті.

Васип Шахин, Ыстамбұл қаласының губернаторы:

Тарихи ғимараттарымызды күзетуші полиция бөлімшесіне бір әйел ағылшын тілінде: «Әмиянымды жоғалтып алдым», - деп кіріп келген. Дәл осы сәтте беліндегі жарылғыш заттарының біреуін іске қосқан. Ол атылмай қалып, екінші рет лақтырған. Жарылыс кезінде 2 полиция қызметкері ауыр жарақат алып, оның бірі ауруханада жан тапсырды. Жанкештінің өзі сол жерде көз жұмған. Кейіннен анықталғандай, оның үстінде жойқыны қатты 3 жарылғыш заты болған.

Құқық қорғау мекемелірінің мамандары ертесі күні Қожаелі қаласынан Элиф Калшеннің ата-анасын алдырып, мәйітханаға кіргізді. Олар өлі денені көріп, менің қызым бұндайға бармас деп, жанкешті қыздан бас тартты. Бірақ "өз қызыңыз қайда?" деген сұраққа да жауап бере алмады.

Эрбу Тимтик, адвокат:

Мен ата-анасын алып, ішке бірге кірдім. Бізге бойы 163 см шамасында, аққұбаша, соған ұқсаған мәйттің денесін көрсетті. Әке-шешесі: "Бұл біздің Элиф емес", - деді. Алайда, өз қыздарымен бірнеше сағаттан бері еш байланысқа шыға алмай отыр.

Бұл биылдыққа екінші рет тіркелген теракт. Еске салайық, жыл басында, яғни қаңтардың бірінде Түркия премьер-министрінің Ыстамбұлдағы резиденциясы - Долмабахче сарайын жармақ болған Фырат Өзчелик есімді азамат құрықталған еді. Оны тәртіп сақшылары бомбаны жармай тұрып, қақпаның алдында қолға түсірді. Тергеушілер ол да "Халықтық революциялық азат ету майданы" партиясының мүшесі, яғни марксшіл және лениншіл бағыттағы екенін жариялады.

Самат Сүлей, тілші:

Екі күн өткеннен соң жарылыс ұйымдастарған қыздың мүлдем басқа болғаны, ол Түркияның емес, Ресей азаматшасы екені анықталды. Ал бірнеше күн бойы елдің үрейін ұшырған Элиф Калшен Сұлтан расында өмірде бар. Бірақ оқыс оқиға тіркелген күннен бері із-түссіз кеткен. Мамандар: "Қазіргі күні оны да іздестірудеміз", - деп хабарлады. 

Самат СҮЛЕЙ