«Ақтау теңіз порты»
арнайы экономикалық аймағын белсенді түрде игеру қажет. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрі Әсет
Исекешев Маңғыстау облысына іссапары барысында
айтты. Қазақстанның теңіз жүк тасымалы жыл сайын ұлғайып келеді. Мәселен,
өткен жылы жалпы жүк тасымалының көлемі 10 миллион тоннадан асқан. Министр
Исекешев арнайы экономикалық аймақта жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды аралап
көрді.
Елбасының «Нұрлы жол» атты халыққа жолдауын
іске асыру мақсатында, облыста бірқатар
көлік-логистикалық жобалар қолға алынған. Оның ішінде Ақтау портын солтүстік
бағытта кеңейту ісі басты назарда. Сондай-ақ, жаңа жоба аясында 6 бункерлі,
сыйымдылығы 60 мың тонна және сағатына 500 тонна жүк түсіруге қауқарлы астық
қоймасын салу қарастырылған. Жоба құны - 38 миллиард теңге.
Әсет
Исекешев,
ҚР Инвестициялар және даму министрі:
Бүгінде
мемлекет арнайы экономикалық аймаққа қатысты алғашқы бес жылдыққа арналған
мәселелерді толықтай шешіп қойды. Бұрындары бұл аймақтың инфрақұрылымы ақсап
тұрған еді. Ал қазір инвесторлар үшін 500 гектарға жуық жер қолжетімді болып
тұр. Мемлекет өз тарапынан бар көмекті жасады. Жеңілдіктер де бар. Енді әкімдік
пен зауыттардың бірлескен жұмысын реттеу қажет. Әсіресе бұл істің биылғы жылы
шешілгені маңызды.
Жұрағат БАМАН