Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда Баянауыл көлік базары сүрілмек

  • AstanaTV
  • 09 қаңтар 2015
  • 1357

Алматыда кезекті базар дауы. Бұл жолы қала билігі 10 шақты жылдан бері жұмыс істеп келген Баянауыл көлік базарын бұзбақшы. Сот орындаушыларының араласуымен сауда орнын сүру таңертең басталған. Алайда, 800-дей контейнер орналасқан базарда мыңдаған сатушы ауыр техниканың алдын бөгеп, жұмыс орындарын жаппай бұзуға жол бермеді. Ашуға булыққан адамдар: «Тәртіп сақшылары еш ескертусіз келіп, базарды жауып тастады», - деп ашынады. Базардағы жанжалды Берік Хасенов те көзбен көріп қайтқан еді.

Қираған сауда орындары, жылаған жандар. Қаһарына мінген сот орындаушылары. Баянауыл базарындағы көрініс осындай. 2 мыңға жуық адам кәсібін айырып отырған сауда орны енді жабық деп жарияланды. Сот шешіміне сәйкес сөрелер сүріліп, базар аумағы темір контейнерлерден тазартылуы тиіс. Кәсіпкерлер: «Бұл басымыздан жай түскендей оқыс жағдай болды», - деп отыр.

Райшан Нұрхалықова, саудагер:

Бір рет болсын, бізге айтылған жоқ. Бізге айтылса, біз білетін едік қой. Кішкене дайын жүретін едік. Бізге осы авторыноктың администрациясы уайымдамаңыздар, тұра беріңіздер деген. Енді екі ортада біз, қарапайым халық, сорлап тұрмыз.

Сот орындаушыларының айтуынша, базарды бұзу туралы соттың шешімі 2013 жылы шыққан. Ол шешімнің күшін жойғызуға талай рет қарсы шағым түсіргендер болды, алайда сот оны өзгеріссіз қалдырған. Базар орналасқан жер - мемлекеттің меншігінде. Сондықтан әкімдік өкілдері бұл аумақты тазартуға барын салып жатыр. Тіпті төрт күннен кейін су беруді тоқтатып, жарықты өшірмек.

Рахым Орынбаев, Алматы қаласы аумақтық сот орындаушысы:

Бір жеті уақыт бердік адамдарға бүкіл заттарын алып кетуге. Өз еркімен алып кетсін. Бір жетінің ішінде олардың заттарына, контейнерлеріне ешқандай шаралар қолданбайды. Егер бір жетінің ішінде алмаған жағдай болса, оларға тиісті шаралар қолданамыз. Бізде сот шешімі бар. Оны орындау - бізге мақсат.

Баянауыл базарының сатушылары басқа жаққа кетуден бас тартпайды. Бірақ, олар бір апта аз деп отыр. «Ұзындығы бірнеше шақырымға созылатын контейнерлерді, ондағы тауарларды алып кету оңай емес», - дейді. Ал әзірге кәсіпкерлер бұл маңды күзетуге бел буған. Қомақты қаржыны құрайтын тауарларын көзден таса еткісі келмейді.

Базар сүрілген соң, бұл 5 гектардай аумаққа  мектеп пен балабақша салу жоспарланған. Алайда, сатушылар сауда орны жоғарғы кернеулі желінің астында орналасқан деп отыр. Осындай жерге қалайша білім ошағын салады деп таң қалуда. Ал автобазар саудагерлері кәсіподағының басшысы «сейсмологиялық жағдайға байланысты бұл аумаққа әлеуметтік нысандарды соғуға болмайды» деген пікірде.

Берік ХАСЕНОВ