"Ертіс" ФК бұрынғы басшыларын соққыға жықты
деген күдіктілерге қатысты сот процесі уақытша тоқтатылды. Бұл жайында
"Тенгринюс" агенттігіне берген сұхбатында Павлодар қаласы
прокурорының көмекшісі Елена Белова хабарлаған. Мемлекеттік айыптаушының
пікірінше, тергеу органдары аталған істі жүргізу барысында олқылықтарға жол
берген. Сондай-ақ, істегі бірқатар материалды заңдастыру қажеттігі туындап
отырғанын айтқан. Ал, бұған дейін шабуылдың құрбаны болған "Ертіс"
клубының экс-директоры Хәлімжан Ержанов күдіктілерге моральдік және материалдық
шығынды өтетуден бас тартқан еді. Бұл әрекетін ол бұзақылардың тек біреудің
тапсырысын орындағанымен түсіндірді. Ал тапсырыс берушіні іздестіру жеке іс
болып қаралмақ.
Еске сала кетейік, "Ертіс" ФК басшыларына 18-ші мамырда
қасақана шабуыл жасалды. Кезекті ойыннан үйіне оралған клуб директоры Хәлімжан
Ержанов пен техникалық директор Болат Ысқақовты кіре берісте бетін бетпердемен
тұмшалаған төрт азамат жапа тармағай ұрып-соққан. Осының салдарынан Ысқақов
ауыр жарақаттармен ауруханаға түсті. Көп ұзамай полицейлер қылмысқа қатысты
күдіктілерді құрықтады.
Тергеу мәліметінше, бұл жайт жәбірленушілердің кәсіби
қызметімен тікелей байланысты болып табылады.
Әсем МҰХИТОВА