Русский Сайттың толық нұсқасы

Қоғамдық орында өзге біреуге жармасқандар енді жазаланатын болды

  • AstanaTV
  • 12 қаңтар 2015
  • 1713

Қоғамдық орында өзге біреуге жармасқандар енді жазаланатын болды. Бұл әсіресе көше кезген қайыршылар мен балгерлерге, тіпті жеке адам тасымалдаумен айналысатын жүргізушілерге де қатысты болуы мүмкін. Жаңа жылдан бастап күшіне енген Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске осындай бап енгізілді. Көшедегі жүргіншілерге өздігінен «ұрынатын» қайыршы немесе «бал ашып беруге құмар» жандардың әрекеті туралы шағым түсірсеңіз, полиция 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырады. Ал мұндай қоғамдық тәртіп бұзушылық екінші рет қайталанса, қамауға алу туралы заң талабы күшіне енеді.

Бұл - қыр соңыңнан қалмайтын қайыршы мен бақсы-балгер немесе такси жүргізушілерінен құтылудың төте жолы. Олар мазаны алып, жолды бөгесе, полицияға шағым түсіре аласыз. 1 қаңтардан бастап күшіне енген «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» заңның 449 бабы бойынша мұндайларға жаза қарастырылған. Бірінші рет шағым түссе, олар 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 9260 теңге айыппұл төлейді. Егер екінші рет қайталаса, әкімшілік қамауға алынбақ.

Игорь Лепеха, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:

Біз өткен жылы қайыр тілеп ақша табатындардың санын есептеп көрдік. Олардың 80 пайызы басқа елдерден келіп, қол жайып тиын-тебен табады екен. Оларды полиция ұстағанымен, түсіндіру жұмыстарынан соң жібере салады. Енді олай болмайды, ұсталған соң 5 тәулікке қамалады немесе еліне қайтарылады.

Қайыршыларды кез-келген жерден кездестіруге болады. Ал тағдырыңды алақаныңа қарап өзгертетін балгерлер қалай жазаланбақ?! Заң авторлары мұндай адамдардың үстінен шағым түскен жағдайда ғана, әкімшілік хаттама толтырылатынын қаперге салады.

Сондай-ақ бұл бап бойынша вокзал, әуежай мен өзге де қоғамдық орындарда такси қызметін көрсетіп, нан тауып жүргендердің де іс-әрекетіне бақылау қатаңдатылмақ.

Гүлжан Көптілеуова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Жолыңа тұрып алып, өз қызметін ұсынатын таксистердің әркетіне қарсымын. Олар керек емес десең де, артыңнан жүгіреді. Сондай ыңғайсыз. Адамдар керегін өзі тауып алады. Ал базардағыдай айқайлап, артыңнан қуалап жүргені ерсі көрінеді.

Игорь Лепеха, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:

Бұл заң бойынша тек сұраншақтарды ғана емес, қоғамдық орындарда елдің мазасын алып, кәсіпкерлік субъекті ретінде тіркелмей, өз қызметін ұсынатын жеке тұлғаларды да жауапқа тартуға болады. Ондай категорияға кімдердің жататыны заңда нақты көрсетілген.

Жаңа әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес мұндай заң бұзушылықты шетелдік азаматтар істесе, бірден әкімшілік қамауға алынады. Одан кейін елден шығарып жіберу шарасы қолданылады. Жоғарыдағы заңның арнайы бабында жезөкшелікпен айналысқандарға да өзгелерге көз сүзіп, «ерсі қылықтар» көрсеткені үшін міндетті түрде айыппұл салу жауапкершілігі қарастырылып отыр. Бұл заңның орындалуы ішкі істер органдарының қызметкерлеріне жүктелген.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ Мансұр ЕСХОЖИН