Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы саудагерлері Баянауыл базарын бұзуды бірнеше айға шегере тұруды сұрайды

  • AstanaTV
  • 13 қаңтар 2015
  • 967

Алматыдағы Баянауыл базарының саудагерлері алған бетінен қайтар емес. Олар базарды бұзуды бірнеше айға шегере тұруды сұрайды. Бұл туралы арнайы баспасөз мәслихатында қорғаушы Василий Резван мәлімдеді.

Кәсіпкерлер атап өткендей, базар басшылығы 2007 жылдың өзінде осы жерде автобөлшектерді сататын сауда үйін тұрғызуды жоспарлаған. Тиісті рұқсат қағаздарын да алыпты. Бірақ, әкімдік өкілдері Алматы қаласының бас жоспарына сілтеме жасап, құрылысты кейінге қалдыру туралы шешім қабылдаған. Енді уақыт өте келе, кәсіпкерлерден жерді босатып беруді талап етуде. Олардың сауда орнынан көшуіне бір апта уақыт берілген еді. Бірақ Баянауыл базарының саудагерлері бұған риза емес. «Басқа жерге көшіп кету үшін, кем дегенде, 3 ай уақыт керек», - деп отыр.

Василий Резван, кәсіпкерлер мен тұтынушылар құқын қорғау одағының президенті:

Бізден Райымбек даңғылындағы айналма жолдың құрылысының аяқталуын күтуді өтінді. Біз күттік. Ал, құрылыс аяқталған күннің ертеңінде бізге әкімдіктің жаңа қаулысын көрсетті. Ол кезде базардың орнында халықаралық Сайран автобекеті салынуы керек деп айтқан.

Еске салсақ, сот орындаушылары көлік базарын көшіруге 9 қаңтарда кіріскен. Базарды бұзу туралы сот шешімі 2013 жылы шығарылды. Онда базар тұрған жер мемлекеттің меншігі деп танылған. Түгелімен тазартылуы тиіс 5 гектар жерде, соңғы бас жоспарға сай, Әуезов ауданына тиесілі балабақша мен мектеп салу жоспарланған. 

Берік ХАСЕНОВ