Калачи ауылындағы жағдайға қатысты құрылған арнайы комиссия 20 қаңтарға дейін қандай да бір шешім шығаруы керек. Премьер-министрдің орынбасары
Бердібек Сапарбаев осындай тапсырма берді,-деп хабарлайды үкімет басшысының
сайты.
Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен өткен отырысқа Калачидағы
жағдайға орай құрылған комиссия мүшелері, орталық және жергілікті атқарушы
органдардың жетекшілері, ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысқан.
Бүгінде Калачи мен Березовка ауылының тұрғындарын бастан-аяқ
тексеру жұмыстары аяқталып, ауыл азаматтарының барлығына жеке әлеуметтік-медициналық
паспорт тапсырылыпты. Калачи елді мекені мен оның төңірегіндегі экологиялық
ахуалды әрдайым назарда ұстап тұру үшін, сол маңайда арнайы бекеттер құрылды.
Басқосу барысында Бердібек Сапарбаев комиссия жұмысының қорытындысын
үстіміздегі жылдың 20 қаңтарына дейін тапсыруды міндеттеді.
Оның пайымдауынша,
комиссия қорытындысына қатысты тәуелсіз сараптама алу үшін оны шетелдің үздік
ғылыми-зерттеу орталықтарына жіберу керек. Сондай-ақ, вице-премьер мобильді
зертхананың көмегімен Калачи ауылының ауасын әрдайым бақылау қажет деп
есептейді. Бердібек Сапарбаев, бұл аймақта орын алған белгісіз жәйттар,
Елбасының жіті қадағалауында екенін атап өткен.
Абзал ҚҰРМАНКИН