Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжілісмендер балаларды көлікте кресломен алып жүру ережесін бір жылға шегеруді ұсынды

  • AstanaTV
  • 14 қаңтар 2015
  • 1088

Балаларды көлікте кресломен алып жүру ережесін бір жылға шегере тұрайық. Бүгін мәжілісмендер осындай ұсыныс тастады. Палата отырысында депутат Меруерт Қазбекова аталған заңның кей нормалары қоғам арасында дүрбелең тудырғанын тілге тиек еткен.

Ал төраға Қабиболла Жақыпов  заңның көптеген нормаларында кемшіліктердің барын айтты. Жол қозғалысына қатысты заңнамадағы жаңа ережелер жемқорлыққа жол ашады.

Қабиболла Жақыпов, ҚР Парламент Мәжілісінің Төрағасы:

Бұл тікелей сыбайлас жемқорлыққа апарады. Бұдан соң, жаңағы аптечкалар шығады. Онда үш дәке деп тұр, екі дәке болып шықса ше? Тіпті, сол үшеудің орнына бір үлкен дәке салып қойса не болады? Міне, мұндай жағдайдың бәрі жол бойында тұрған сержанттарға сеп болады. Ешкім де ештеңені дәлелдей алмайды ғой. Олар: «үш дәке болуы керек, қайда?», «12 жасқа дейін автоорындық болуы шарт, қайда?» деп кете береді. Бұл біздің жұмыс тобының кемшілігі».

Депутат Меруерт Қазбекова заңның 12 жасқа дейінгі балаларды автокреслосыз алып жүруге тыйым салатын тұсына ерекше назар аударды. «Ақ жол» фракциясының атынан ол нормаларды жүзеге асыру үшін және автоорындықтармен қамтамасыз ету үшін 12 айлық мерзімге өтпелі кезең белгілеуді ұсынды.

Сонымен қоса, көрсетілген мерзім ішінде заңның осы нормасы қайта қаралсын деген ұсынысын жеткізді. Оның ішінде 6 жасқа дейінгі сәбилерді автоорындықтармен қамтуды жеңілдету керектігін, ал  12 жасқа дейінгі аралықта бұл норма ұсыныс ретінде қарастырылуы қажет дегенді де қосты.

Мөлдір ДЮСЕКИНА