Орал қаласындағы жеке жоғары оқу орындарының басына қара бұлт
үйірілді. Бір кездері бір университетке біріккен бес білім ошағын тексерген
прокуратура біраз былықтың бетін ашты. "Бармақ басты, көз қыстыға"
бой алдырған бұл оқу орындарындағы оқытушылық құрам заң талаптарына сай емес
болып шықты. Қағазда бар 229 ғылым кандидатының 130-ы жұмыс істемейді.
Ал ғылым докторларының ішінде шетелдіктер, тіпті Парламент
мәжілісінің депутаты Виктор Киянский де жүр. Оған қоса, бірыңғай ұлттық
тестілеуде сүрінген талапкерлерді жаңа оқу жылының басталғанына қарамастан,
қабылдай берген.
Заңды бұлай белден басқаны үшін Батыс Қазақстан
инженерлік-гуманитарлық университетіне 45 АЕК бойынша айып салынып, бес айға
лицензиясы тоқтатылды. Енді прокурорлар оқу орындарының қаржылық-шаруашылық
жұмыстары мен салық төлемдерін тексеруге кіріспек.
Серік Қараманов, Батыс Қазақстан облысының прокуроры:
Осы оқу орындарындағы 52 профессордың 48-і өмірде жоқ адамдар.
Жоқтан бар жасаған пысық басшылар бұл ғалымдарды интернеттен суреттерімен бірге
ала салған. Ғылым кандидаттарын да дәл осындай жолмен тірі адамға айналдырған.
Білім беруді бизнеске айналдырған ректорлар мен оқу орындарының құрылтайшылары
кінәлары дәлелденсе, қылмыстық іске
тартылады.
Ерлан КАРИН