Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте қызметтік тапаншасын ұрлатып алған қорықшы жұмыстан босатылды

  • AstanaTV
  • 15 қаңтар 2015
  • 1033

Шымкентте қызметтік тапаншасын ұрлатып алған қорықшы жұмыстан босатылған. Аймақтағы қорықтардың бірінде істеген 26 жастағы азаматтың жеке басына белгіленген тапаншасы, өткен жылдың аяғында тақымындағы темір тұлпарымен бірге қолды болған.

Көп ұзамай, полицейлер 3 күдіктіні анықтап, «Байкал-442» атыс қаруы мен көлікті тәркіледі. Дейтұрғанмен, өз ісіне бей-жай қараған қорықшыда жазасыз қалмаған.

Кенжебек Оңдасынов,ОҚО ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы: 

Қазіргі таңда ол азаматқа «Салақтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды және  ол қызмет орнынан босатылған. Осы тапаншаны табу және тәркілеу бойынша бірқатар іздеу шаралары жүргізілді. Соның нәтижесінде 1993 жылы туылған Шымкент қаласының тұрғыны ұсталып, содан Байкал тапаншасы тәркіленіп алынды.

Тәртіп сақшыларының дерегінше, оқиға желтоқсан айында түнде болыпты. Облыстағы қорықтардың бірінде қызмет атқаратын азамат, өзінің «Ауди-80» маркілі жеңіл автокөлігін, тапаншасымен бірге Нұрсәт шағын ауданындағы үй маңына қалдырған. Артынша көліктің орнын сипап қалғанын айтып тәртіп сақшыларына шағымданыпты.

«Тергеу барысында ұсталған сезіктілердің бұдан бөлек тағы үш шетел көлігін заңсыз тақымдап үлгергенін анықтадық»,- дейді құзырлы мекеме мамандары. Ұйымдасқан топ соңғы екі айда, 3 «Ауди» маркілі және 1 «ЛЕКСУС» қымбат көлікті қолды еткен. Күдіктілер қараусыз тұрған және дабыл қаққышы жоқ көліктерді емін еркін ашып алатындарын жасырмаған.

Төрт бірдей автокөліктің жалпы құны орта есеппен 40 мың АҚШ долларына бағаланған. «Күдіктілер оларды сатып үлгермеген», -деді ішкі істер органының өкілдері. Қазір күдіктілерге қатысты «ұрлық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған. Сондай-ақ, олардың басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталып жатқанын мәлім етті. 


Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ