Русский Сайттың толық нұсқасы

Жалғыз басты қарттарды торуылдап ақшаларын жымқырған алаяқ әйел ұсталды

  • AstanaTV
  • 15 қаңтар 2015
  • 1345

Қарағандыда қарияларды алдап, ақшаларын жымқырып келді деген күдікпен алаяқ әйел ұсталды. Өзін «әлеуметтік қызметкермін» деп таныстырған ол, зейнеткерлердің үйіне еш қиындықсыз кіріп отырған. Тәртіп сақшыларының дерегінше, соңғы 3 айда 20-ға жуық зейнеткерді тақырға отырғызған.

39 жастағы алаяқ тек жасы 80-нен асқан жалғыз басты қарттарды ғана торуылдаған. Пәтерге оңай кірген соң, зейнеткерлерден құжаттарын сұрау арқылы, ақша тыққан жерлерін бақылап отырған. Артынша түрлі жолдармен алдаусыратып қаражаттарын байқатпай жымқырып кете берген.

Соңғы рет 89 жастағы қала тұрғынының жарты миллион теңгесін білдірмей алып кеткен. Полицияның пайымынша, әккі алаяқтан жапа шеккендер 20-дан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Күдікті бұған дейін де дәл осындай қылмысы үшін істі болыпты. Қазір тергеу органдары, алаяқтан жәбір көрген басқа да азаматтарды іздестіруде.

Ыдырыс Әбішев, Қарағанды облыстық ІІД орталық полиция бөлімінің тергеушісі:

Сидорова Алла Владимировна 2014 жылы ұқсас қылмыстармен қамаудан шығып, ұзақ уақыт бойы бірнеше қылмыстар жасаған. Қазір тергеу бөлімшесінде біршама қылмыстық істер қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Айжан ҚУАШ