Әлемде
Эбола дертінің беті қайтар емес. Керісінше, аты жаман ауру дендеп барады. Бүгін
Британияның Нортгемптон ауруханасына індетті жұқтырды деген күдікпен бір әйел
жеткізілді. Науқас бірден оқшауланып, бақылауға алынған. Бұл Еуропада тіркелген
10-шы жағдай. Ал, әлемде эболаны жұқтырғандар саны 8400 адамнан асты. Індетке
төтеп бере алатын вакцина әлі жоқ. Өткен жылдан бастап төрткүл дүниені үрей
құшағында ұстап тұрған ауру тіпті қаржы нарығының өзгеруіне де әкеліп
соқтыруда.
Экваторлық
Гвинея. Таяу күндері мұнда Африка елдері арасында футболдан турнир өтуі тиіс.
Бәйге Еуропа чемпионатына ұқсас. Сондықтан Эбола індетінің таралуына
қарамастан, чемпионатты тамашалаймын деушілердің қатары қалың. Африкаға ағылып
жатқан жанкүйерлер мен футболшылар түгелімен Эболаны анықтайтын тестілеуден
өтіп жатыр. Бұл шара - Африкалық футбол конфедерациясының талабы.
Джуниор
Биньям, АФК ақпараттандыру саласы бойынша директоры:
Мен
Эболадан түк сескенбеймін. Індет тарады деген бір де бір ресми дәлел жоқ.
Әсіресе футбол өтіп жатқан жерлерде. чемпионат міндетті түрде өткізілетін
болады.
Бұдан
бұрын АҚШ-та ауруды медбике жұқтырды деген ақпарат тараған. Жергілікті ақпарат
құралдары бұл әйел 300-ден астам адамға індетті жұқтыруы мүмкін деген
сенсациялық хабар таратты. Жұрт дүрлігіп, Африка елдеріне әуе тасымалдау
қызметін көрсетуден сескене бастады. Қор биржасындағы индекс бірден 370 пунктке
төмендеді. Биржадағы баға белгілеу де
құлдыраған. БҰҰ-ң мәліметі бойынша, вирусты жою үшін 2 миллиард доллардан астам
қаржы қажет. «Осынша адам мен қаражат шығынының алдын алуға болар еді», - дейді
сарапшылар. Олар: «Індет етек жая бастаған кезде АҚШ тиісті шаралар қолданып,
онымен күресуге қауқарлы еді», - деп есептейді. Бүгінде 8 мыңнан астам адам көз
жұмды. Дерт жайлап АҚШ пен Еуропаға да жетті.
Ала
Алван, Жерорта теңізі елдері бойынша ДДСҰ аймақтық бюро басшысы:
Құдайға
шүкір, Жерорта теңізі елдерінде Эбола дерті қағаз жүзінде тіркелген жоқ.
Індеттің осылайша белең алып, бүкіл әлемге қатер төндіруінің себеп-салдарын
терең зерттеу керек деп есептеймін.
Ғалымдар
тиісті зерттеулерін жүргізіп жатыр. Олар бар кінәні Халықаралық валюта қорына
артуда. Айтуларынша, қор дамыған мемлекеттерге шығындарды қысқартыңдар деп
талап еткен. Мыңдаған емдеу мекемелерінің құрылысы басталмай жатып тоқтады.
Дәрі-дәрмекке, қымбат аппараттарға қаржы жетпейді. Осыдан соң ғана Вашингтон
халықаралық валюта қорының Эболадан зардап шеккен Сьерра-Леоне, Либерия және
Гвинея елдерінің қарыздарын кешіруін сұраған.
Эрик
Лекомпте, JUBILEE USA діни тобының
атқарушы директоры:
Бұл
елдер алдағы он жыл бойына қарыздарын өтеудің орнына, бар қаражатты
инфрақұрылым мен денсаулық сақтау саласына жаратса, дұрыс болар еді. Мұнда не
дәрігерлер, не дәрі-дәрмек жоқ.
Үш
елдің Халықаралық валюта қоры алдындағы қарызы
372 миллион долларды құрайды. АҚШ 100 миллиондай қарызды кешірсе,
жеткілікті, деген позицияны ұстанып отыр. Дегенмен қор келісімін берген жоқ.
Бұл ұсынысты бір ай көлемінде қарастырамыз деп уәде берді. Вакцина мәселесімен
канадалық NewLink Genetics пен британдық GlaxoSmithkline компаниялары айналысып
жатыр. Соңғысына Қытай дәрігерлерге пара берді деп, 490 миллион доллар айыппұл
салды.
Мэри-Пол
Кини, ДДСҰ бас директорының көмекшісі:
Екі
вакцина да тестілеудің алғашқы кезеңінен өтті. Бұл жақсы жаңалық. Олар шынымен
қауіп-қатерге қарсы тұруға жарамды деген сенімдеміз. Либерияда сынама жұмыстары
басталды. Ал Сьерра-Леоне, Гвинеяда вакциналарды ақпан айында сынамақпыз.
Жаппай
вакцинация болмайтыны айдан анық. Вакцинаның Эболамен күресуге қауқарлы екені
дәлелденсе ғана, бұл шара қолға алынбақ. Ал оған дейін қанша уақыт кетері
белгіссіз.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА