Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкенттегі Құрсай шағын ауданында ауыз судың әлегі қайта басталды

  • AstanaTV
  • 15 қаңтар 2015
  • 1109

Шымкенттегі Құрсай шағын ауданында ауыз судың әлегі қайта басталды. Тұрғындардың айтуынша, жаңа жыл қарсаңында берілген су бар болғаны екі-ақ күн сарылдап ағып, қайта жоқ болған. Өздеріне жасалған мерекелік тартудың жалған болып шыққанына мұндағылар наразы.

Бес жүздей отбасының тіршілік нәрінен тапшылық көріп отырғанына бірнеше жыл болған. Көптен күткен қуанышты сәттің сап тиылу себебін әріптесім Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Қарлығаш Босынова қар жауған күндері қатты қуанады. Өйткені ақ ұлпаны жинап алып, арнайы ыдыста ерітіп тұрмыста пайдалануға мәжбүр. «Балалы үйге су шақ келмейді, мұнан өзге амалым жоқ»,- дейді төрт баланың анасы. 

Қарлығаш Босынова:

Ішетін суды, біз құйдырып алған суымызды үнемдейміз және қосымша Қазығұрттың ішіндегі туыстарымыздан тасып ішеміз, көлігі барлар, көлігі жоқтар қардың суын ерітіп ішеміз. Солай қиналып жатырмыз.

Әр үйде қалбиып тұрған су ағарлардан қайыр жоқ. Тұрғындар көрші қолаңның ауласындағы үлкен бөшкелерге тәуелді. Бірігіп ақша жинап су сатып алатындарын айтты. «Тек су таситын көліктер қыс түскелі ат ізін салуды қойған. Жер лай болғандықтан, олар да келмейді», - дейді.

Нигара Әбенова:

Жазда мына бөшкелерге су толтырып аламыз. Құрттайды ол. Бала-шағамыз ішіп, талай больницада да жатып шықтық. Жаңа жылдан алдында екі күн су келді, болды. Одан кейін ешқандай су көрген жоқпыз. Су жоқ. Екі күннен бері шатырдан түскен суды құйып алып жатырмын. Қардың тазалау деген жерін ерітіп ішіп жатырмын. 

Тамыр-таныстың үйін жағалап су сұрау тұрғындар үшін үйреншікті жағдай. Жаңа жыл қарсаңына әкімдік қызметкерлері ресми түрде «су берілді» деп сүйінші сұраған. «Бірақ ол уақытша көз алдау болғаны ма», - деп ашынады құрсайлықтар.

Арайлым Нұрымбетова:

Судың ана жері жарылды, мына жері жарылды, дейді. Одан ешқандай жөнделіп жатқан жоқ. Екі күн беріп, несін алдап, ақымақ қып отыр сонша халықты. Рахметімізді айтқызып түсіріп алды. Одан ертесіне қайтып су жоқ болды. 

Ауыз суға жауапты шенділер Құрсайға ресми түрде ауыз су қосылғанын растап отыр. «Тек кінәрат өзге жақтан шықты», - дейді.

Талғат Қасымбеков, Шымкент қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

Ол жерде бірақ Құрсайдың су құбырларының қатысы жоқ. Себебі Құрсайға су көзі болып табылатын Оңтүстік су аққысы, Южный водовод дейміз, сол арқылы келетін магистральды су құбырында ақау пайда болды. Сол себептен қазіргі таңда «Шаңырақ-21» деген мердігер мекеме қазір өзінің кепілдік міндеттемесіне байланысты келіп, қазір қалпына келтіру жұмыстарын атқарып жатыр.

Тұрғын үй шаруашылық бөліміндегілер, құрсайлықтар бүгін-ертеңнен қалмай  ауыз суға қол жеткізеді, деп сендірді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ