Әлемді үрей биледі. Бельгия бүгін террористік
қауіп төнді деп, күштік құрылымдарын күшейтілген режимге көшірді. Вервье
қаласында арнайы операция жүргізген полицейлер жаңа жарылыстың жолын кескен.
Екі күдікті қолға түсіпті. Бұдан соң бірнеше ел жаппай сақтануға көшті. Олардың
қатарында Испания, Германия, АҚШ пен Үндістан бар.
Бетперде киіп қару асынған сақшылар мен полицей
көліктерін қауіпсіздігі күшейген Франция мен Бельгия ғана емес, өзге де
елдерден көруге болады. Батысты үрей биледі. Лаңкестік әрекеттер қайталана ма
деп, оның алдын алуға қамданып жатыр.
Тіпті Азияда жатқан Үндістан да Мумбай қаласында
сақтықты арттырды. Оған әуежайдағы дәретхана қабырғасына 26.01.2015 деп
жазылған жазу себеп болды. Өйткені дәл осы күні елде тәуелсіздік күні
тойланады.
Ал Германияда екі салафит тұтқындалды. Дегенмен полиция бұл оқиғаның
Париждегі жағдайға еш қатысы жоқтығын мәлімдеді.
Мартин Штельтнер, Берлин прокуратурасының
баспасөз хатшысы:
Бұл жағдайдың Париждегі лаңкестік оқиғамен еш
байланысы жоғын айтқым келеді. Сонымен қатар шабуыл Германияда болады дегенге
ешбір айғақ жоқ. Бүгін таңертеңнен бері Берлин мен Бранденбург қалаларындағы 12
ғимаратты тінтіп шықтық. «Сирияда ірі жарылыс дайындалып жатыр» деген алып қашпа сөз бар.
Ұсталғандардың бірі өзін өзі эмир деп жариялаған адам. Ал екіншісі қаржымен
қамтамасыз етіп отырған.
The Times басылымының жазуынша, Еуропа халқы
дәріханалардан транквилизаторларды жаппай сатып алу үстінде. Осылайша жүйке жүйелерін
қалпына келтіруге тырысуда. Өйткені ИГИЛ-мен күрес жүргізіп отырған халықаралық
коалиция өз міндетін мүлтіксіз атқарып отыр дегенге күдіктенушілер санаты
артқан. Ирак та осыған шағымдануда.
Селим Әл-Джабури, Ирак парламенті төрағасы:
Қазіргі халықаралық қолдаудың жеткіліксіз екенін
сезініп отырмыз. Қиын жағдайда салмақты қолдауды көргіміз келеді. Өкінішке орай, ол аздық етуде.
Ал Францияны дүрліктірген оқиғадан соң, Парижге АҚШ мемлекеттік
хатшысы Джон Керри ұшып келді. Ол бірден одақтастарына қолдау білдіруге дайын
екенін мәлімдеді.
Джон Керри, АҚШ мемлекеттік хатшысы:
Сын сағатта Америка халқы сіздермен бірге.
Француздардың бұл соққыны қайсарлықпен қарсы алғанын және қандай ауызбіршілік
танытқанын көріп отырмыз. Осы оқиға әлемге сабақ болды. Біздің жүректеріміз
сіздермен бірге.
«Ал ИГИЛ мен Франциядағы журналистер өлімін мойнына алған «Әл-Каида»
топтарының белсенділік танытуы кездейсоқ емес», - деп топшылайды сарапшылар. Олар тіпті жаңа
лаңкестік әрекеттердің орын алуын жоққа шығармай отыр.
Айгүл ӘДЕПБАЙ