Русский Сайттың толық нұсқасы

Прокурорлар тексеру барысында Петропавлдағы автовокзалда мүгедектерге жағдай жасалмағанын анықтады

  • AstanaTV
  • 20 қаңтар 2015
  • 973

Петропавлдағы автовокзалда мүгедектерге жағдай жасалмаған. Прокурорлардың тексеруі осыны анықтады. Мәселен, ғимараттың кіреберісіндегі пандус көбіне өтуге рұқсат жоқ деген желеумен жабық тұрады. Оған қоса арнайы қол арбамен келетін кембағал жандар үшін касса тым жоғары орналасқан.

Жалпы, Қызылжар автовокзалы арқылы күніне шамамен 2 жарым мыңдай жолаушы ары бері қатынайды. Ал көліктер қозғалысы 140 бағыт бойынша қатынайды. Петропавлдағы автовокзал жекенің қолында. Прокурорлар олқылықты түзеу туралы нұсқаманы вокзал басшылығына емес, жергілікті билік өкілдеріне жіберген.

Нұрлан Сапаров, Петропавл қаласы прокуратурасының әлеуметтік саладағы заңдылықты қадағалау бөлімінің бастығы:

Жергілікті атқарушы орган өкілдері бұндай жағдайлардың бәрін бақылап отыруы тиіс. Қажет болған кезде қоғамдық орындарды абаттандыруға қол ұшын созу керек. Шенеуніктерге арнайы нұсқама жолданды. Енді бір айдың ішінде олар бізге жауап беруі керек.

Автовокзал басшылығы бұл мәселеден хабардар. Арнайы талаптардың орындалмауына қаражат қолбайлау,-деп отыр. Мекеме директорының орынбасары Владимир Хохренконың пайымдауынша, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көңіл бөлу келешекте арта түседі. Таяуда ғана мүгедектерге арналған дәретхана қолданысқа берілгенін айтты. Қалған олқылықтарды автовокзал өкілдері жарты жылдың ішінде жоюға уәде берді.

Владимир Хохренко, «Петропавл сапаржайы» ЖШС директорының орынбасары:

Кассаның биіктігін ортақ талаптарға сай 80 см-ге дейін түсіреміз. Қазір биіктігі 1 метрдей. Ал вокзалдың негізгі кіреберісі уақытша істен шықты. Пандустарда тосқауылдың тұрғаны содан. Оны жақын арада жөндеп, қайта ашамыз. Жалпы, автовокзалда мүгедек жандарға барынша жағдай жасау үшін тағы 30 млн. теңгедей керек. Бір бөлігін әкімдіктен сұрауға тура келеді.

Абзал КУРМАНКИН