Русский Сайттың толық нұсқасы

Moody's агенттігінің сарапшылары боран салдарынан келген шығындарды есептеді

  • AstanaTV
  • 26 қаңтар 2016
  • 1868

АҚШ қарлы бораннан енді ес жия бастады. Табиғаттың тосын мінезі елге 3 миллиард АҚШ валютасы көлемінде шығын келтірген. Осындай мәліметті Moody's агенттігі келтіреді. Ақ түтек бораннан 40 адам ажал құшты. Бірқатар штаттарда әлі де төтенше жағдай режимі алынған жоқ. Кейбір қалаларда қардың қалыңдығы 90 сантиметрге дейін жеткен. Вашингтон мен Нью-Йоркте қар тазалау жұмыстары жалғасып, жұрт бірнеше күн қатарынан жұмысқа шықпай отыр. 

Елдің шығыс аймағындағы тұрғындардың қолынан күрек түспейді, олар көліктерін аршып алудың қамымен жүр. Биліктің "жолға шықпау" жайлы ескертпесіне құлақ аспаған жандар енді оңбай опық жеп отыр. Ал Мэриленд штатында жағдай тіпті қиын. Қатты дауыл бірнеше үйдің астан-кестеңін шығарған.

Түні бойы көз ілген жоқпыз. Дәл осындай  ахуалды бұрын-соңды көрмеп едік.

Бұл жай ғана ғимарат емес. Бүтін бір шаруашылық болатын. Қанша еңбегіміз зая кетті.


Шығындарды қаржыгерлер де санауға крісті. Moody's сарапашылары қалың қардың зардабы шамамен 3 миллиард көк қағазға түседі деп отыр. Басым бөлігі уақытылы жүзеге аспаған жоспарлардың салдарынан. Атап айтқанда, коммуналдық төлемдер мен жасалмай қалған сауда-саттық. Бұрқасын күндері адамдар баспаналарынан шыға алмады.

Нью-Йоркте қозғалыс шектелген. Әуе рейстері де тұралап, қалада тіршілік  тоқтады. Қала мэрі Билл де Блазио барлық тұрғындарды әлі де болса абай болуға шақырады. Өйткені осы күндері 40 адам қаза тапқан.

Билл Де Блазио, Нью-Йорк мэрі: 

Бұл өте үлкен трагедия. Денсаулықтары нашарлары әлі де болса үйден шықпаса деп өтінемін. 

Он мыңдаған адам электр қуатынан ажыратылды. Ал Вашингтонда мектеп оқушыларының қуанышына сабақ тоқтатылған. 11 штатта әлі де төтенше жағдай режимі сақталып отыр. Десе де "Джонас" бораны ақырындап Атлантикаға ығысып жатыр. Бірақ қала билігі бұған аса қуана қоймаған сыңайлы. Өйткені қалың жауған қарды қайда шығарарын білмей дал. Оған қоса синоптик мамандар, алдағы күндері күн күрт жылынып, артынша аяз қайта қаһарына мінеді, дейді.

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА