Жамбыл облысында «АН-2» ұшағы апатқа ұшырады. Алдын ала мәлімет бойынша,
ұшақ бортында жеті адам болған. Кейбір ақпарат агенттіктері олардың тағдыры
туралы әртүрлі дерек келтіруде. Борттағы адамдардың үшеуі - экипаж мүшелері, ал
қалғандары - жолаушылар деген ақпарат бар.
Біздің тілшіміз Шу қаласының бас
дәрігерімен телефон арқылы тілдесті. Сейсенғали Ақбаев бүгін түскі үш шамасында
болған ұшақ апатынан алты адамның қаза тапқанын хабарлады. Ал жетінші адам –
1986 жылы туған әйел - ауыр жарақатпен Шу ауруханасына жеткізілген. Аурухана
бас дәрігерінің айтуынша, оның екі жамбасы және қыр сүйегі сынған. Миы
шайқалған. «Үшінші дәрежелі естен тану бойынша көмек көрсетілуде», - деп,
түсіндірді Сейсенғали Ақбаев. Бас дәрігер науқастың қазір жан сақтау бөлімінде
жатқанын хабарлады.
Жаңа түскен дерек: Жамбыл облысында апатқа ұшыраған «АН-2» ұшағы бортында
«Қазақмыс» корпорациясының қызметкерлері болған. Компанияның баспасөз хатшысы
біздің тілшімізге бұл ақпаратты растады. Балхаштан шыққан ұшақ Шатыркөль
кенішіне бағыт алған. Әуе кемесі «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі болған.
Оқиға барысы біздің назарымызда.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ